Теннис: Бублик Будапешт турнирінің финалына шықты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Венгрия астанасы Будапеште өтіп жатқан челленджер турнирінің жартылай финалында қазақстандық Александр Бублик словакиялық Филип Хоранскимен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 21 жастағы А.Бублик 172-орында тұрса, оның қарсыласы, 1993 жылғы Ф.Хорански 219-сатыда еді.

Бірінші партияда қос теннисші бастапқыда тепе-тең өнер көрсеткенімен, көп ұзамай ойын тізгінін А.Бублик өз қолына алды. Сөйтіп ол бұл сетте 6:3 есебімен қарсыласынан басым түсті.

Екінші партияда бірден қос брейк жасаған қазақстандық спортшы 4:0 есебімен алға кетті. Ақыры қарсыласын бет қаратпай ұтты - 6:0.

Бәсеке бір сағатқа жуық уақытқа созылды.

А.Бублик финалда әлемдік рейтингте 283-орындағы италиялық, биыл 30 жасқа толатын Роберто Маркорамен бас жүлдені сарапқа салады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Бубликтің Будапешт турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Жалпы, 9 ақпан Қазақстан үшін сәтті күн болды. Астанада мәреге жеткен Федерация кубогы үшін іріктеу кезеңінде Қазақстан - Қытай матчын Зарина Дияс тамаша бастады. Содан кейін Юлия Путинцева есе жіберіп, есеп теңескенімен, Галина Воскобоева мен Анна Данилина жұптық сында ұтып, Қазақстан құрамасы екінші Әлемдік топтың плей-офф кезеңіне жолдама алды.

Соңғы жаңалықтар