Теннис: әйелдер арасында Аустралия чемпионатының жеңімпазы анықталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Америкалық Софья Кенин Аустралия ашық чемпионатының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

С.Кенин финалда испаниялық Гарбинье Мугурусамен күш сынасты.

Үш сетке созылған тартысты матчта 21 жастағы теннисші қарсыласын 4:6, 6:2, 6:2 есебімен ұтты.

Бұған дейін екі мәрте «Үлкен дулыға» турнирінің жеңімпазы атанған Г.Мугуруса осы жолы финалмен шектелді.

С.Кенин Мәскеуде дүниеге келген. Бала кезінде ата-анасымен бірге АҚШ-қа қоныс аударған.

Бұл – оның «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі алғашқы жеңісі. Қазіргі кезде 15-орында тұрған С.Кенин дүйсенбіде жаңартылатын рейтингте әлемнің 7-ракеткасы атанады.

Америкалық теннисші – Аустралия чемпионатының 2008 жылдан бергі ең жас чемпионы. 2008 жылы ресейлік Мария Шарапова Мельбурнде 20 жасында үздік шыққан еді. Өткен жылы 21 жастағы жапониялық Наоми Осака жеңімпаз атанды, алайда оның С.Кениннен бір айға дерлік үлкендігі бар.

Ерлер арасында жекелей сында әлемнің 2-ракеткасы, сербиялық Новак Джокович пен рейтингте 5-орында тұрған аустриялық Доминик Тим жексенбі күні бас жүлдені сарапқа салады. Н.Джокович бұған дейін Аустралия чемпионатын жеті рет ұтса, Д.Тим аустриялық теннисшілер арасында финалға алғаш рет шығып отыр. Егер ол чемпион атанса, рейтингте үшінші орынға көтеріледі.

Биылғы Аустралия біріншілігі қазақстандық теннисшілер үшін табыссыз болған жоқ. Қазақстан тарихында тұңғыш рет үш бірдей теннисші қызымыз Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Зарина Дияс үшінші айналымға өтсе, Михаил Кукушкин мен Александр Бублик жұптық сында жартылай финалға дейін жетті.

Дүйсенбіде Қазақстанның бірінші ракеткасы Е.Рыбакина рейтингте 25-орынға шығады. Бұл оның өзі үшін рекордтық нәтиже болмақ және Ярослава Шведованың 2012 жылғы үздік көрсеткішін қайталайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандықтарды ұтқан теннисшілердің финалға шыға алмағанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар