ТЕННИС: Австралия біріншілігінде З.Дияс пен Я.Шведова өзара сынға түсе ала ма?

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 23 қаңтар, жұма күні теннистен Австралия ашық чемпионатында қазақстандық қос спортшы Зарина Дияс пен Ярослава Шведова кортқа шығады.

Бірден айтайық, бұл жерде, әсіресе, Заринаға аса мықты қарсылас тап болып отыр. Әлемдік рейтингте көш бастаушылардың бірі, ресейлік Мария Шарапова - теннис тарихында төрт бірдей үлкен дулыға турнирін (Австралияға қоса АҚШ ашық біріншілігі, Уимблдон, Ролан Гаррос) ұтқан санаулы спортшылардың бірі. Қазірден-ақ ұлылардың қатарына қосылған Мария - қиын сәттердің өзінен жол таба білетін, шеберлігі кемел теннисші. Бірақ оның да сүрінетін кезі болады. Биылғы Австралия чемпионатының алғашқы кездесулерінде өзімен бұрын жолығыспаған «жұмбақ» спортшылармен шеберлік байқасқан ол екінші айналымда отандасы Александра Пановадан ұтылып қала жаздады. Екі матчболын пайдалана алмаған А.Панованы әзер дегенде жеңіп, үшінші айналымға шықты. Бұл М.Шарапованың өзіне жақсы сабақ болғандай. Енді содан қорытынды шығарып, өзі бұрын кездеспеген Қазақстанның бірінші ракеткасы, жиырма бір жасар Зарина Диястың ойынын бапкері екеуі талқылап, матч тізгінін бірден қолға алуға тырысатыны анық.

Заринаға келсек, оны бір-ақ жылдың ішінде шырқау биікке көтерілген теннисшілердің бірі деуге әбден болады. Егер өткен жылғы Австралия ашық чемпионатының алдында З.Дияс дүниежүзілік рейтингте небәрі 152-інші орында тұрса, қазір ол - әлемнің 31-інші ракеткасы. Осы өрлеу жолын дәл өткен жылғы Австралия жарысынан бастады. Іріктеу сайыстарынан кейін чемпионаттың үшінші айналымына дейін жеткен қазақ қызын (З.Дияс қазірдің өзінде сол табысын қайталап отыр) румыниялық, бүгінде әлемнің үшінші ракеткасы Симона Халеп тоқтата алды. Кейін Уимблдон төрінде төртінші айналымда тағы да осы С.Халеп З.Диястың жолына тұрды. Өткен жылы АҚШ-тың ашық біріншілігінде үшінші айналымға дейін барған Заринаны ресейлік Екатерина Макарова әрі қарай жібермесе, Ролан Гарроста чехиялық Петра Квитова алғашқы сыннан асырмады. Бұлардың бәрі - көш басындағы, алдыңғы ондықтың ішінде келе жатқан мықты ойыншылар. Заринаның өзі де өткен жылды түйіндеген сәтте Мария Шараповадай атақты теннисшілермен кездесуге дайын екендігін мәлімдеген болатын. Тайсалатын несі бар, соның сәті бүгін туып тұр. Оның үстіне М.Шарапова мен З.Диястың матчын ұйымдастырушылар Австралия чемпионатының басты корты - Род Лэйвер алаңында төртінші кезекке қойып отыр. Бұл - кездесуді төрткүл дүние көреді деген сөз. Мұнда, әрине, болжаушылардың бәрі дерлік М.Шарапова жеңетінін айтуда. Дегенмен, егер қазақ қызы ғайыптан тайып шеберлігі асып, атышулы қарсыласын жеңіп кетіп жатса, онда тағы бір қазақстандық Ярослава Шведова немесе қытайлық Пэн Шуайдың біреуімен төртінші айналымда жолығысады. Яғни қос қазақстандық теннисшінің өзара сынға түсуі де мүмкін.

Дүниежүзілік сатыда 66-ыншы орында тұрған Я.Шведова мен әлемнің 21-інші ракеткасы П.Шуайдың кездесуі 2-інші кортта бірінші болып өтеді. П.Шуай - М.Шараповадай азулы болмаса да, Қытай елінің осы чемпионатта қалған жалғыз үміті. Сондықтан ол да барын салады. Қазақстандықтар бірінші айналымда әлемнің 16-ыншы ракеткасы, чехиялық Люси Шафаржованы ұтқан Ярославаға үміт артады.

Чемпионат.ком сайтынан алынған мәліметке қарағанда, әйелдер жарысында үшінші айналымға өткендер арасында АҚШ-тың бәсі басым. Қалған үздік 32 ойыншының жетеуі - американдық, төртеуі - чехиялық. Солардың ішінде әлемнің бірінші ракеткасы, американдық, үлкен дулыға турнирін жекелей сында 18 мәрте ұтқан Серена Уильямс жолындағылардың бәрін жайпап келе жатса, бас жүлдеден үміткерлер қатарында сондай-ақ ресейлік М.Шарапова, румыниялық С.Халеп, чехиялық П.Квитова, поляк Агнешка Радваньска, канадалық Эжени Бушар, словакиялық, Австралия чемпионатының өткен жылғы финалисі Доминика Цибулкованы атауға болады. Бұлардың қатарына кеше әлемнің сегізінші ракеткасы, даниялық, тегі поляк, кезінде өзі де көш бастаған Каролина Возняцкиді тізе бүктірген белоруссиялық, Австралия чемпионатын 2012 және 2013 жылдары екі мәрте ұтқанымен, өткен жылғы сәтсіздіктер аяғына тұсау болып, содан енді ғана айығып келе жатқан Виктория Азаренко қосылды. Демек, бас жүлде біреу, үміткер баршылық. Сондықтан осал қарсылас жоқ, бұл - осы айдың аяғында мәреге жететін Австралия чемпионаты күн сайын қыза түседі деген сөз.

Соңғы жаңалықтар