Теннис: Александр Бублик Санкт-Петербургте жеңіліп қалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 34-ракеткасы Александр Бублик Санкт-Петербург ATP 250 турнирінің ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарыстың 7-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 53-орында тұрған германиялық Ян-Леннард Штруфпен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда есеп 4:4 болған мезетте германиялық спортшы брейк жасап, өз геймін де алды – 6:4.

Екінші сетте де 4:2 есебімен алға кетті. Ақыры тағы бір брейкпен матчты түйіндеді – 6:3.

Небәрі 1 сағат 14 минутқа созылған матчта А.Бубликке жинақылық жетіспеді. Ол 15 эйс жасағанымен, қателікке де жиі жол берді. Қарсыласы 7 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың үшеуін пайдалана білді.

Германиялық теннисші жартылай финалға шығу үшін әлемнің 13-ракеткасы, канадалық Денис Шаповаловпен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Андрей Голубевтің жұптық сында Санкт-Петербург турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар