Теннис: Александр Бублик Ньюпорт турнирінің финалында жеңіліп қалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Александр Бублик Ньюпорт (АҚШ) ATP турнирінің финалында жеңіліп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

А.Бублик финалда осы жарыстың бірінші, әлемнің 15-ракеткасы, америкалық Джон Изнермен күш сынасты.

Бірінші партияда есеп 5:5 болған мезетте қазақстандық теннисші брейк жасап, алға шықты. Алайда ол сетке доп бергенде, сол мүмкіндігін мүлт жіберді. Ал тай-брейкте тәжірибелі америкалық есесін жібермеді – 7:6 (7:2).

Екінші сетте есеп 2:2 болғанда, Изнер брейк жасап кетті. Ақыры ол матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:3.

Осылайша А.Бублик ATP турнирінің финалында ұтылып, өзінің спорттық жолындағы алғашқы үлкен табысына қол жеткізе алмады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Бубликтің Ньюпорт турнирінің финалына шыққанын, Елена Рыбакинаның Бухарест жарысының жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.

Е.Рыбакина осы тамаша жеңісінен кейін әлемдік рейтингте 106-дан 65-сатыға көтеріледі. Оның бұл көрсеткішін жақсартуына толық мүмкіндігі бар. Енді Елена Юрмала (Латвия) WTA турниріне қатысады. Онда алғашқы айналымда рейтингте 182-сатыдағы қытайлық Син-Юнь Ханьмен кортқа шығады.

Сол секілді А.Бублик Атланта (АҚШ) ATP додасында бақ сынайды. Александрдің бірінші қарсыласы – әлемнің 57-ракеткасы, тағы бір америкалық Рейлли Опелка. Егер оны ұтса, қайтадан Д.Изнермен жолдары тоқайласады.




Соңғы жаңалықтар