Теннис: Александр Бублик Мельбурн турнирінің үшінші айналымына өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 45-ракеткасы Александр Бублик Мельбурнда өтіп жатқан ATP 250 Great Ocean Road Open турнирінің үшінші айналымына өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарыстың 8-ракеткасы болғандықтан, бірден екінші айналымнан бастаған А.Бублик рейтингте 121-орында тұрған аустралиялық Кристофер О'Коннеллмен кездесті.

Қазақстандық спортшы 23-те болса, тәжірибелірек қарсыласы одан үш жасқа үлкен еді.

Бірінші партия тай-брейкке дейін жетіп, онда қазақстандық теннисші сәтті ойнай білді – 7:6 (7:2).

Тартысты өрбіген екінші сет те тай-брейкпен бітіп, бұл жолы аустралиялық теннисші жинақылық көрсетті – 7:6 (8:6).

Үшінші, шешуші партияда есеп 4:4 болған мезетте А.Бублик брейк жасады. Содан кейін матчқа доп бергенде, мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 6:4.

Тартысты өткен бәсеке 2 сағат 7 минутқа созылды.

А.Бублик ширек финалға шығу үшін әлемнің 71-ракеткасы, италиялық Стефано Травальямен таласады.

Жүлде қоры 382 575 АҚШ долларына бағаланған дода 7 ақпанда мәреге жетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың Анталия жарысының екінші айналымына өткенін, Михаил Кукушкиннің Мельбурн турнирінің үшінші айналымына шыға алмағанын жазған болатынбыз.

Бүгін Юлия Путинцева Мельбурн турнирін сәтті бастады.



Соңғы жаңалықтар