Теннис: Александр Бублик Мадрид мастерс турнирінің екінші айналымына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 43-ракеткасы Александр Бублик Мадрид мастерс турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

А.Бублик алғашқы айналымда әлемнің 39-ракеткасы, мажарстандық Мартон Фучовичпен кездесті.

Қазақстандық теннисші 23-те болса, тәжірибелірек қарсыласы 29 жаста еді.

Тартысты өрбіген бірінші партия мәселесі тай-брейкте шешіліп, онда А.Бублик шеберлік танытты – 7:6 (7:5).

Екінші сетте қазақстандық спортшы 3:0 есебімен алға кетті.

Ақыры ол осы басымдылығынан айырылған жоқ – 6:3.

Бәсеке сағат жарымға жуық уақытқа созылды.

А.Бублик екінші айналымда әлемнің 14-ракеткасы, канадалық Денис Шаповаловпен шеберлік байқасады. Ол бастапқы кездесуінде рейтингте 37-орындағы сербиялық Душан Лайовичті 6:1, 6:3 есебімен жеңді.

Тағы бір қазақстандық Михаил Кукушкин Мадрид жарысының іріктеу сайыстарынан аса алмады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Мадрид мастерс турниріндегі қарсыласы анықталғанын, қазақстандық теннисшінің АҚШ-тағы турнирдің жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар