Теннис: Александр Бублик Лондонның негізгі турниріне жолдама алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Александр Бублик Лондонда негізгі турнирге жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемнің 85-ракеткасы А.Бублик іріктеу сайыстарының финалында дүниежүзілік рейтингте 138-сатыда тұрған америкалық Томми Полмен кездесті.

Бұлардың екеуі де 1997 жылғы, Т.Пол 17 мамырда 22-ге толса, А.Бубликтің туған күні одан тура бір ай кейін - 17 маусым.

Бірінші партия басында қарсыластар брейкпен алмасты. Содан кейін қазақстандық теннисші 4:1 есебімен алға кетті. Америкалық теннисші есепті 3:4-ке дейін қысқартты. Дегенмен бұдан кейін А.Бублик өз есесін жіберген жоқ - 6:4.

Тартысты өрбіген екінші сетте есеп 5:5 болған мезетте қазақстандық теннисші брейк-пойнтты пайдалана алмады. Ақыры бұл партия тай-брейкке ұласты. Мұнда екі мәрте минибрейк жасаған А.Бублик алға шықты - 4:1. Ол осы басымдылығынан айырыла қойған жоқ - 7:4.

Бәсеке 1 сағат 18 минутқа созылды.

17-23 маусым аралығында өтетін Лондон турнирінің жүлде қоры 2 млн еуродан асады.

Айтулы додаға әлемнің 6-ракеткасы, грекиялық Стефанос Циципас бастаған мықты теннисшілер қатысады.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 47-ракеткасы Михаил Кукушкин алғашқы айналымда рейтингте өзінен екі саты төмен тұрған франциялық Жереми Шардимен шеберлік байқасады.

А.Бубликтің қарсыласы кейін анықталады.

Өткен жылы бұл додада финалда сербиялық Новак Джоковичті ұтқан хорватиялық Марин Чилич жеңімпаз атанған болатын.

Германияда алдағы аптада ерлер арасында жүлде қоры 2 млн еуродан асатын Галле турнирі де өтеді. Оған Қазақстаннан ешкім қатыспайды.

Дүйсенбі күні сондай-ақ әйелдер арасында Бирмингем (Ұлыбритания) WTA турнирі басталады.

Жүлде қоры 1 млн АҚШ долларынан асатын жарыста әлемнің 1-ракеткасы, жапониялық Наоми Осака бастаған теннисшілер бақ сынайды.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 43-ракеткасы Юлия Путинцева бірінші айналымда осы турнирге арнайы шақырту алған әлемнің 159-ракеткасы, ұлыбританиялық Хэрриет Дартпен кортқа шығады.

Қазіргі кезде теннисшілер осындай жарыстарға қатысу арқылы 1-14 шілде аралығында өтетін Уимблдон турниріне дайындалуда.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Манчестер жарысының финалына шыққанын, Елена Рыбакинаның Хертогенбос (Нидерланды) турнирінің финалына өте алмай қалғанын және Александр Бубликтің Лондонда іріктеу сайысын сәтті бастағанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар