Теннис: Александр Бублик Дубай турнирінің екінші айналымына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Александр Бублик Дубай ATP 500 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

А.Бублик алғашқы айналымда рейтингте 59-орында тұрған жапониялық Есихото Нисиокамен кездеседі.

Бірінші партияда қазақстандық теннисші брейкпен алға шығып, сол басымдылығын сақтап қалды – 6:4.

Тартысты өрбіген екінші сет басында қарсыластар брейкпен алмасты. Ақыры тай-брейкте А.Бублик жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:4).

Бәсеке 1 сағат 24 минутқа созылды.

Қазақстандық спортшы бұдан бұрын Сингапур турнирінде де Е.Нисиоканы ұтқан болатын.

А.Бублик екінші айналымда әлемнің 34-інші, осы доданың 16-ракеткасы, италиялық Янник Синнермен шеберлік байқасады.

Жарысқа іріктеу сайыстары арқылы өткен тағы бір қазақстандық Михаил Кукушкиннің қарсыласы анықталды.

Ол әлемнің 37-ракеткасы, германиялық Ян-Леннард Штруффпен күш сынасады.

Жүлде қоры 2 млн АҚШ долларынан асатын турнир 20 наурызда аяқталады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын М.Кукушкиннің негізгі турнирге жолдама алғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар