Теннис: Александр Бублик Доха турнирін жеңіспен бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Александр Бублик Доха АТР 250 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 201-орында тұрған, негізгі жарысқа іріктеу сайыстарынан кейін қосылған үндістандық Рамкумар Раманатанмен кездесті.

Бірінші партияда А.Бублик 6:4 есебімен басым түсті.

Екінші сетте есеп 1:1 болған мезетте тағы да брейк жасай білді. Тағы бір брейк – 5:2. Содан кейін матчқа доп бергенде, еш қиналған жоқ – 6:2.

Бәсеке 1 сағат 13 минутқа созылды.

А.Бублик екінші айналымда әлемнің 14-інші, осы доданың 5-ракеткасы, испаниялық Роберто Баутиста-Агут немесе рейтингте 39-сатыдағы америкалық Рейлли Опелканың біреуімен шеберлік байқасады.

Жүлде қоры 891 мың АҚШ долларына жуықтайтын дода 14 наурыз күні мәреге жетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Дубай турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар