Теннис: Александр Бублик Чэнду турнирінің жартылай финалына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Александр Бублик Қытайдағы Чэнду турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 71-орында тұрған А.Бублик ширек финалда осы жарыстың төртінші, әлемнің 26-ракеткасы, болгариялық Григор Димитровпен күш сынасты.

Қазақстандық теннисші биыл 22-ге толса, тәжірибелі қарсыласы 28-де еді.

Бірінші партияда Г.Димитров басымдық танытты - 7:5.

Екінші сетте тай-брейкте Бубликтің бағы жанды - 7:6 (11:9).

Үшінші, шешуші партияда брейк жасаған Бублик алға кетті - 3:0. Дегенмен қарсыласы да қарап қалмай, таразы басын теңестірді. Ақыры тай-брейкке тірелген матчта қазақстандық теннисші жеңіске жетті - 7:6 (7:3).

Тартысты бәсеке 2 сағат 30 минутқа созылды.

А.Бублик жүлде қоры 1,2 млн АҚШ долларынан асатын турнирдің финалына шығу үшін әлемнің 62-ракеткасы, португалиялық Жоау Соуза немесе рейтингте 111-орындағы оңтүстікафрикалық Ллойд Джордж Харристің біреуімен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Дияс Бейжіңнің іріктеу сайысын сәтті бастады.

Соңғы жаңалықтар