Теннис: Александр Бублик Барселонада, Зарина Дияс Ыстанбұлда ойнайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Александр Бублик Барселонада, Зарина Дияс Ыстанбұлда өтетін турнирлерге қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 42-ракеткасы А.Бублик 19-25 сәуір аралығында өтетін Барселона ATP 500 турнирінде өнер көрсетеді.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда рейтингіде 58-орында тұрған испаниялық Алехандро Давидович Фокинамен кортқа шығады.

Додада испаниялық Рафаэль Надаль, грекиялық Стефанос Циципас, ресейлік Андрей Рублев секілді мықты теннисшілер ойнайды.

Тағы бір қазақстандық Михаил Кукушкин Барселонада іріктеу сайыстарынан аса алмады.

19-25 сәуір аралығында сондай-ақ Ыстанбұлда әйелдер арасында WTA 250 турнирі өтеді.

Жүлде қоры 235 мың АҚШ долларынан асатын жарыста қазақстандық, рейтингіде 90-орындағы Зарина Дияс әлемнің 64-ракеткасы, аса тәжірибелі эстониялық Кайя Канепимен шеберлік байқасады. Бұдан бұрын К.Канепиді Майамидегі мастерс турнирінде Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина 6:4, 6:0 есебімен ұтқан болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Қазақстан әйелдер құрамасының Аргентинаны жеңгенін жазған болатынбыз.

Мұнда З.Дияс кездесулерге қатыспаса да, құрамада болып, командаластарына қолдау көрсетті.


Соңғы жаңалықтар