Теннис: Александр Бублик Анталия турнирінің финалына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 49-ракеткасы Александр Бублик Анталия ATP 250 турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы доданың 8-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші жартылай финалда дүниежүзілік рейтингіде 72-орында тұрған франциялық Жереми Шардимен күш сынасты.

А.Бублик 23-те болса, спорттық жолында 2009 жылы Штутгартта үздік шыққан тәжірибелі қарсыласы одан тура 10 жасқа үлкен еді.

Бірінші партияда қазақстандық спортшы 5:2 есебімен алға кетті. Содан кейін сетке доп бергенімен, Ж.Шарди брейк жасай алды. Дегенмен А.Бублик екінші мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 6:4.

Екінші сетте есеп 1:1 болған мезетте Бублик брейкке қол жеткізіп, сосын өз геймін де алды – 3:1. Әйтсе де Шарди қарымта қайтарып, өзі алға шықты – 5:4. Тай-брейкте Жеремидің жолы болды – 7:6 (7:4).

Үшінші, шешуші партияда есеп 4:3 болған мезетте Бублик брейк жасап кетті. Содан кейін матчты жеңіспен түйіндеді – 6:3.

Тартысты бәсеке 2 сағат 5 минутқа созылды.

А.Бублик финалда әлемнің 23-ракеткасы, аустралиялық, 21 жастағы Алекс де Минаурмен чемпиондық атақты сарапқа салады. Аустралиялық теннисші жартылай финалда әлемнің 16-ыншы, осы жарыстың 2-ракеткасы, бельгиялық Давид Гоффенді 6:4, 3:6,6:2 есебімен ұтты.

Жастығына қарамастан, А.Минаур – ATP турнирлерін үш мәрте ұтқан спортшы. А.Бублик әзірге ондай табысқа қол жеткізе қойған жоқ.

Финалдық матч 13 қаңтар күні өтеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зара Даркеннің Еуропа жасөспірімдер рейтингісінде үздік отыз теннисшінің қатарына кіргенін , Александр Бубликтің Анталияда әлемнің оныншы ракеткасын ұтқанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар