ТЕННИС: АҚШ мықты ма, Ресей күшті ме?

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мельбурн қаласындағы атақты теннисші Род Лэйвер атындағы орталық кортта Австралия ашық чемпионатының шешуші кездесулері өтуде.

Әйелдер арасындағы бәсекеде ширек финалға үш американдық, екі ресейлік теннисші жолдама алған болатын. Кеше әлемнің екінші ракеткасы Мария Шарапова дүниежүзілік сатыда жетінші орында тұрған канадалық Эжени Бушарды аса қиналмай ұтып, жартылай финалға жолдама алды.Тағы бір ресейлік, рейтингте оныншы орындағы Екатерина Макарова осы ойында көпшілік мамандар жеңеді деп есептеген румыниялық, әлемнің үшінші ракеткасы Симона Халепті жолдан тайдырды. Сөйтіп ол спорттық өмірінде алғаш рет үлкен дулығаның жартылай финалында ойнайтын болды. Бұл - М.Шарапова жеңсе де, Е.Макарова ұтса да, финалда ресейлік теннисші бас жүлдені сарапқа салады деген сөз. Ал бүгін қалған екі жолдаманың иелері белгілі болады. Мұнда апалы-сіңлілі Винус пен Серена Уильямстің жолы болуы әбден ықтимал. Ол үшін үлкен дулығаны 18 мәрте, соның ішінде Австралия ашық біріншілігін бес рет ұтқан әлемнің бірінші ракеткасы Серенаның словакиялық, осы чемпионаттың өткен жылғы финалисі, дүниежүзілік рейтингте 11-інші орында тұрған Доминика Цибулкованы жеңуі керек. Ал 34 жасар Винус өзінен 15 жас кіші, он тоғыз жасар тағы бір американдық, осы турнирдің басты жаңалығы Мэдисон Кисті сынға салады. Мұнда кезінде үлкен дулығаны жеті рет, соның ішінде Уимблдон турнирін бес мәрте жеңіп алған Винустың тәжірибесі пайдаға асуы мүмкін. Қалай еткенде де, кемінде бір американдық теннисші жартылай финалға шығады. Серена да қарап қалмас. Сондықтан сенбі күнгі финалда американдық пен ресейлік ойыншының соңғы сынға түсуі мүмкін жайт.

Ерлер арасындағы бәсекелер де қызу өтуде. Кеше чехиялық, әлемнің жетінші ракеткасы Томаш Бердых өзінен бес саты жоғары тұрған атақты испандық Рафаэль Надальды сан соқтырса, ұлыбританиялық, алтыншы орындағы Энди Маррей австралиялық жас теннисші Ник Кирьосты ұтып, жартылай финалға шықты. Бүгін әлемнің бірінші ракеткасы, сербиялық Новак Джокович пен канадалық, алтыншы орындағы Милош Раоничтің, дүниежүзілік сатыда сәйкесінше төртінші және бесінші сатыда тұрған, швейцариялық, Австралия чемпионатының өткен жылғы жеңімпазы Станислас Вавринка мен жапониялық Кей Нисикори жұптары тағы екі үміткерді анықтайды. Ерлер арасындағы финалдық бәсеке жексенбі күні болмақшы.

Айта кетейік, биылғы Австралия чемпионаты қазақстандықтар үшін де аса сәтсіз деуге келмес. Еліміздің бірінші және екінші ракеткалары Зарина Дияс пен Ярослава Шведова үшінші айналымға дейін жетті. Бұл олардың дүниежүзілік рейтингтегі орындарын сақтап қалуға, тіпті жаңартуға мүмкіндік береді. Әлемнің 31-інші ракеткасы З.Дияс биыл қалайда үздік жиырма теннисшінің қатарына кіремін деп мәлімдеме жасап отыр. Тағы бір жақсы жаңалық, біраз жылғы үзілістен кейін Зарина Қазақстан құрамасы сапында ақпан айының басында Қытайда теннис федерациясының кубогы үшін ел намысын қорғамақшы. Содан кейін Штутгарт, Мадрид, Рим қаласындағы халықаралық турнирлерде кортқа шығады. Әрине, басты мақсат үлкен дулығаның қалған турнирлері - Уимблдон, Ролан Гаррос, АҚШ-тың ашық чемпионатында барынша табысты өнер көрсетіп, ұпай қорын молайту болса керек.

Соңғы жаңалықтар