Теңізшевройлға жаңа бас директор тағайындалды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - «Теңізшевройл» ЖШС басшылық құрамында өзгеріс болды. 2018 жылдың 1 желтоқсаннан бастап өндіріс бөлімінің бас менеджері Имер Боннер бас директор болып тағайындалды. Бұған дейін бұл қызметті Тед Этчисон атқарған болатын, деп хабарлайды ТШО баспасөз қызметі.

«Теңізшевройл» ЖШС-нің бас директоры Тед Этчисон Шеврон корпорациясындағы 38 жылдық еңбек өтілінен кейін зейнетке шығып отыр. Тед Индонезия, Нигерия, Қазақстан және АҚШ-тың түрлі бизнес бөлімшелерінде жобалау, өндіріс, басқару салаларында әр алуан басшылық қызметтерді атқарды.

Тедтің басшылығымен ТШО қауіпсіз және сенімді өндіріс екенін дәлелдеп, 1993 жылдан бері көлемі 3 млрд баррель мұнай өндіріп, маңызды межеге қол жеткізді.

Кәсіпорынның жаңадан тағайындалған бас директоры Имер Боннер: «ТШО Келешек кеңею жобасымен дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Кәсіпорын мен ел үшін осынау маңызды кезеңде осында болу мен үшін зор құрмет», - деді.

Имер Белфасттағы Квинс университетінде химия инженері мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алды. Кейін Лондонның Империялық колледжінде ілгеріленген химия өнеркәсібі және мұнай өндіру технологиялары бойынша екі магистр дәрежесін иемденген. Имер Боннер 2015 жылдан бастап осы уақытқа дейін ТШО-ның өндіріс жөніндегі бас менеджері болып қызмет атқарды. 2012-2013 жылдар аралығында Алматыдағы Шеврон корпорациясының Еуразия бөлімшесінің басқарушы директорының орынбасары болды. Имер Шеврон корпорациясымен Ұлыбританияда, Америка Құрама Штаттарында, Тайландта және Қазақстанда жауапкершілік жүгі біртіндеп салмақтана түскен техникалық және басқару қызметтерін атқарды.

«Теңізшевройл» ЖШС жайғастыру, өндіру және мұнай, газ және күкірт өткізу жұмыстарымен айналысады. Барлық жұмыстар қауіпсіздік техникасы мен экология жөніндегі әлемдік стандарттар талаптарына сай жүреді. «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1993 жылы Қазақстан Республикасы мен «Шеврон» корпорациясы арасында жасалған келісім негізінде құрылды.

«Теңізшевройл» ЖШС-нің қазіргі кездегі серіктестері: Шеврон - 50%, Қазмұнайгаз - 20%, ЭксонМобил - 25% және «ЛукАрко» - 5%.

Соңғы жаңалықтар