Теңіздегі жобадан босайтындарды жұмысқа орналастыру жөнінде Жол картасы әзірленді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Теңіздегі жобадан босайтындарды жұмысқа орналастыру жөнінде Жол картасы әзірленді. Жол картасына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов пен «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Кевин Лайон қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова «Теңізшевройл» ЖШС базасында мердігерлік мекемелердің қызметкерлерін жобадан босату және жұмыспен қамту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Кеңес қорытындысымен Теңіз кен орнындағы Келешекте кеңейту және Ұңғыма ернеуінің қысымын басқару жобаларының қызметкерлерін жұмыстан жоспарлы түрде босату және оларды жұмыспен қамтуды мониторингілеу жөніндегі іс-шаралардың жол картасына қол қойылды.

Кеңесте Теңіз кен орнындағы жобадан жұмысшыларды босатудың болжамдары талқыланды. Сондай-ақ, оларды жұмысқа орналастырудың негізгі тәсілдері айқындалды.

«Осы кезге дейін 7,6 мыңнан астам қызметкер жұмыстан босатылған. Оның ішінде 1,1 мың жұмысшы «Теңізшевройлдың» өзінде, 449 адам компаниядан тыс жерде жұмысқа орналастырылды. Электрондық еңбек биржасында бос жұмыс орындары бола тұра, жергілікті атқарушы органдардың жұмыстан босатылған қызметкерлерін жұмысқа орналастыру деңгейінің төмендігін атап өткім келеді. Қазір Электрондық еңбек биржасында 108 мың бос жұмыс орны бар. Оның ішінде іске асырылып жатқан ұлттық жобалар шеңберінде 10,4 мың бос жұмыс орны бос тұр. Оның 12 және 25%-ы –

техникалық мамандықтар. Әкімдік жұмыстан босатылған қызметкерлерді жұмысқа орналастыру бойынша жұмысты жандандыруы қажет», -деді Тамара Дүйсенова.

Министрдің айтуынша, Келешек кеңейту және Ұңғыма ернеуінің қысымын басқару жобаларынан жұмысшыларының жұмыстан босатылуын және олардың жұмысқа орналасуын мониторингілеу мақсатында Жол картасы әзірленген. Онда министрліктің, өңірлер әкімдіктерінің ТШО-мен және қосалқы мердігер мекемелермен өзара іс-қимылының нақты алгоритмі көзделген.

«Бұл процестің барлық қатысушылары қазіргі мәселелерді өз деңгейінде жедел және нақты пысықтауы өте маңызды. Жұмыстан босатылған көптеген қызметкер Атырау облысына басқа өңірлерден келген. Сондықтан ТШО-ға жұмысқа орналаспағандарды әкімдіктер жергілікті жерлерде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына тартуы қажет», -деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов жұмыстан босатылған қызметкерлерді жұмысқа орналастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың табысын арттыру бойынша нақты тапсырмалар берді. Сол себептен, ТШО мен оның мердігер компанияларынан жоспарлы түрде босатылған азаматтарды жаңа жұмыспен қамту бағытында жоспарларды жүзеге асырамыз. Қазір Атырау облысында жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Өңірдің кешенді даму жоспары аясында нақты жобалар қолға алынады. Сондықтан, жұмыстан босатылған азаматтарды осы жаңа жобалар аясында жұмыспен қамтуды жалғастырамыз», -деді Серік Шәпкенов.

«Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Кевин Лайонның пікірінше, компания жол картасы бойынша мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеуге дайын. Қазақстан Келешек кеңейту жобасы мен Ұңғыма ернеуінің қысымын басқару жобасын іске асыру кезеңінде мультипликативті әсер алған.

«Біздің компания Атырау облысының әкімдігімен, Энергетика, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерімен бірлескен жұмысты оң бағалайды. Біз түрлі жұмыстардың аяқталуына орай Келешек кеңейту жобасы мен Ұңғыма ернеуінің қысымын басқару жобасын жүзеге асыру барысына бірлесе мониторинг жүргіземіз. Қазір жобаның 93%-ы орындалды. Жоба басталғалы бері ТШО жергілікті мамандарды оқытып, біліктілігін арттырды. Бұл –болашақта елдегі және шетелдегі өнеркәсіп жобаларында тәжірибесі мен білімін қолдана алатын қазакстандық 25 мыңнан астам маман. Сондай-ақ, жоба халықаралық компаниялармен серіктестік арқылы технологияларды таратуға және өңірдегі жаңғыртылған инфрақұрылым түрінде мұра қалыптастыруға ықпал етті», дейді Кевин Лайон.

Тараптар қол қойған Жол картасында көзделген өзара іс-қимыл алгоритміне сәйкес, ТШО тоқсан сайын аталған министрлікке және өңірлердің әкімдіктеріне кәсіптер мен өңірлер бөлінісінде мердігерлік/қосалқы мердігерлік ұйымдар қызметкерлерінің жұмыстан босатылуы туралы ақпаратты ұсынады. Сондай-ақ Электрондық еңбек биржасына орналастырады.

Ал, жергілікті атқарушы органдар жұмыстан босатылған қызметкерлерді жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту бойынша міндеттемелерді орындауы тиіс. Оның ішінде қысқа мерзімді оқуға жіберу, субсидияланатын жұмыс орындарына және Ұлттық жобалар шеңберінде іске асырылатын жобаларға жұмысқа орналастыру, гранттар мен микрокредиттер беру бар.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ТШО қызметкерлерін жұмыстан босату және нақты жұмысқа орналастыру мониторингін жүзеге асырады. Жұмыстан босатылатын қызметкерлер үшін бос жұмыс орындарының онлайн-жәрмеңкелерін ұйымдастырады. Жұмысынан айырылған жағдайда мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем тағайындауды қамтамасыз етеді.


Фото: gov.kz


Соңғы жаңалықтар