Теңіздегі жарылыстан соң 4 мыңға жуық жұмысшы демалысқа жіберілді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында Теңіз кен орнындағы жарылыстан соң 4 мыңға жуық жұмысшы демалысқа жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысының Жылыой ауданындағы Теңіз кен орнында 6 шілдеде жергілікті уақытпен сағат 9:55-те жарылыс болып, екі адам қаза тапқан еді.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, Теңіз кен орнындағы жарылыс құбырдың фланецті қосылысының үзілуінен болғаны анықталған.

«Теңіз кен орнындағы 3-буын зауытының 42-учаскесінде гидротест жүргізу кезінде құбырдың фланецті қосындысы үзілген. Аталған жобаны іске асыратын мердігер компания – «Сенімді Құрылыс» ЖШС-де жұмыс істейтін 1985 жылғы ер адам оқиға орнында қаза тапты. Кейін «Теңізшевройл» ЖШС-не қарасты медициналық клиникада «Агропром техника» ЖШС-нің бір жұмысшысы қайтыс болды. Екеуінің де жасы – 37-де», -деп хабарлады төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобы.

«Сенімді құрылыс» ЖШС өндірістік қатынастар жөніндегі менеджері Гүлмира Бапанованың мәліметінше, өндірістік нысандағы жұмыс ішінара тоқтатылған.

Қайғылы оқиға вахталық ауысымның аяқталуына екі күн қалғанда болған.

«Жарылыс болғаннан кейін 4 мыңға жуық жұмысшы демалысқа жіберілді. Жұмысшыларға заңға сәйкес жалақы төленеді. Жарылыстың себебін анықтау үшін «Теңізшевройл» ЖШС мен облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының қызметкерлері кірген бірлескен комиссия құрылды. Тексеру комиссиясына қажетті құжаттардың бәрін бердік. Жарылыстың себебі тексеруден соң анықталады», -дейді Гүлмира Бапанова.

Оның айтуына қарағанда, жарылыстан қайтыс болған екі жұмысшының отбасына материалдық қолдау көрсетіледі.

«Компания марқұмдарды соңғы сапарға шығарып салуға жұмсалатын барлық материалдық шығынды өз мойнына алып, ірі қара мал сатып алуға 500 мың теңгеден қаржы апарып берді. Марқұмдардың барлық қарыздары мен несиелерін жабу, балаларының оқу ақысын төлеу туралы шешім қабылданды. Бүгін қажетті ірі қара мал сатып алуға 500 мың теңгеден қаржы апарып бердік. Алдағы уақытта бұл отбасыларға көмектесуді міндетімізге аламыз», -деп мәлім етті Гүлмира Бапанова.

Еске сала кетелік, бұған дейін Теңіз кен орнында қайтыс болған екі жұмысшының несиесі жабылатынын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар