Теңізде ауаға газ тарап кетуіне байланысты жоспардан тыс тексеру басталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Теңізде ауаға газ тарауына байланысты жоспардан тыс тексеру жүргізілетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мамандар жоспардан тыс тексеруге кірісті. Оның барысында атмосфераға келіп түсетін ластаушы заттардың көлемі анықталады», - деп хабарлады Атырау облыстық экология департаменті.

Еске сала кетейік, атмосфераға газдың таралуы туралы сенбі күні әлеуметтік желілерден белгілі болды. Мұнай әзірлейтін қондырғы құбырларының әр тұсынан түсірілген видеода одан түтін секілді ақшыл түсті газдың шығып жатқаны көрініп тұр. Барлық қолданушылар қауіпсіздік шараларын ескермей, зауытты қауіпті қашықтықтан түсірген. Олар мұны жұмысшылардың түгелдей эвакуацияланғанымен түсіндірді.

ТШО баспасөз қызметі оқиғаға қатысты түсінік берді.

«Теңізшевройл» 23 маусым күні Кешенді технологиялық желі зауытында технологиялық ақау салдарынан атмосфераға газ тарап кеткенін растайды. Жедел қызметкерлер құрамынан бөлек барлық персонал техникалық қауіпсіздік шараларына сәйкес зауыттан шығарылды. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Сәлден соң қызметкерлер өз орындарына оралып, барлық жұмыстар қайта жалғасты. Арнайы мемлекеттік органдарға оқиға жөнінде ақпарат берілді. Орын алған жағдайдың мән-жайын анықтау үшін барлық қажетті шаралар қолға алынады», - деп атап өтті компанияның баспасөз қызметі «ҚазАқпарат» ХАА-ның ресми сауалына. 

Соңғы жаңалықтар