Теңіз кенішінен шығарылған жұмысшылардың жалақысы сақталады

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысындағы Теңіз кенішінен шығарылған жұмысшылардың жалақысы сақталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Теңізшевройл» ЖШС үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиевтың айтуынша, Теңіз кен орнынан 18,5 мың жұмысшы тұрғылықты мекенжайына шығарылған.

«Вахталық тәсілмен еңбек ететін қызметкерлердің коронавирус инфекциясына байланысты жұмысқа шыға алмағанына қарамастан, олардың жалақысы толық сақталады. Ал, кен орнындағы вахталық мерзімі уақытынан асқан жұмысшылардың жалақысына 1,5 коэффициент қосылады», - деді Рзабек Артығалиев.

Сондай-ақ, Теңіз кенішіндегі ахуалды тұрақтандыру қатаң бақылауға алынған. Осыған орай, қызметкерлерді оқшаулау, жеке гигиена ережелерін қамтамасыз ету қатаң қадағаланады.

«Біз барлық мердігер мекемелер мен жұмысшылардан осы шараларды орындауды талап етеміз. ТШО-ның қауіпсіздік қызметі Жылыой ауданының әкімдігімен, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті және ішкі істер департаментімен бірлесіп, Теңіз кен орнындағы талаптардың орындалуын үнемі қадағалап отырады. Талаптар сақталмаған жағдайда, ТШО келісімшарттар мен еңбек шарттарын бұзып, қатаң шаралар қолдануға құқылы», - деп мәлімдеді Р. Артығалиев.


Соңғы жаңалықтар