Теңіз кенішінен будақтаған «сары» түтін: Тексеріс нәтижесі жарияланды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының Экология департаменті екі айға жуық уақыт бұрын Теңіз кенішінен шыққан «сары» түтінге қатысты тексерісті аяқтап, әкімшілік іс қозғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық Экология департаментінің басшысы Əлібек Бекмұхаметовтің мәліметінше, биылғы сәуірде «сары» түтін Теңіз кенішіндегі КТЛ-2 нысанында орнатылған «У-500» қондырғысының гидрогенизациялау пешінен шыққан.

«Тексеру кезінде қалдық газды беру клапанының ақаулығынан «С-511» пеші тоқтаған. Сол себептен, ауаға «сары» түтін түріндегі күкірт шыққан. Департамент басшылығының пəрменімен осындай ағаттыққа жол бергені үшін «Теңізшевройл» ЖШС-ға қатысты əкімшілік іс қозғалып, бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Онда қоршаған ортаға өз бетінше эмиссияларға жол бермеу жөнінде нақты іс-шараларды əзірлеу, сондай-ақ штаттан тыс жағдайлар кезінде қондырғылар желісінің жұмысын тоқтату мүмкіндігін қарастыру атап көрсетілді», - дейді департамент басшысы Ә.Бекмұхаметов.

Оның айтуынша, қазір әкімшілік істі қарау процесі уақытша тоқтатылған. Өйткені, компания басшылары тексеру нəтижелері бойынша толтырылған акт пен жолданған нұсқамаға байланысты ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу жəне бақылау комитетіне шағымданған.

Ал, «Теңізшевройл» ЖШС Үкіметпен жəне жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиевтің айтуынша, ауаға ұзақтығы 7 минутқа созылған күкірт диоксиді мен қарапайым күкірт шығарылған. Кен орнындағы қызметкерлер мен мамандардың ешқайсысы медициналық көмекке жүгінбеген.

Еске салайық, биылғы сәуір айында Атыраудағы Теңіз кенішінен будақтаған «сары» түтін туралы жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар