Теңіз кенішіндегі инфекциялық стационарда 194 науқас ем алуда

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының Теңіз кенішіндегі инфекциялық стационарда 194 науқас ем алып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Теңізшевройл» компаниясының мәліметінше, кен орнындағы қызметкерлер арасында қауіпті індетті жұқтырудың 3895 жағдайы тіркелген. Науқастардың 2863-і емделіп шыққан.

«Тест қорытындысымен оң нәтиже бергендердің негізгі бөлігі вахтаға бара жатқан қызметкерлер арасында болған. ТШО қызметкерлері арасында 370 жағдай анықталған. Күн сайын расталатын жағдайлардың саны 90%-ға төмендеді.

Бүгінгі таңда Теңіз кен орнындағы жұқпалы аурулар стационарында (облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының филиалы) 194 қызметкер ем алуда. Бұл жалпы төсек-орын санының 27%-ын құрайды» -делінген компанияның ақпаратында.

Теңіз кен орнындағы оң динамикаға, сондай-ақ, эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруы белгілеріне қарамастан, карантиндік шектеулер сақталуда. Бетперде тағу, әлеуметтік арақашықтықты сақтау, өзін-өзі оқшаулау ТШО-ның және мердігер ұйымдардың барлық қызметкері үшін міндетті талап болып қалуда.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Теңіз кенішінде вахталық жұмыс мерзімі ұзаратынын хабарлап едік.


Соңғы жаңалықтар