Теңіз кенішінде коронавируспен күрес қалай жүріп жатыр

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – «Қызыл» әлі де бір өңір бар. Бұл – Атырау облысы. Мұнда соңғы тәуліктерде коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың денін Атырау қаласының тұрғындары мен Теңіз кенішіндегі жұмысшылар құрап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған кен орнын игеріп жатқан «Теңізшевройл» ЖШС баспасөз қызметінің мәліметінше, 7 желтоқсанға дейін COVID-19 вирусын жұқтырғандардың жалпы саны 4532 адамды құраған. Науқастардың 95%-ы індеттен емделіп шыққан. Ал, компанияның өз қызметкерлерінің арасында инфекцияны жұқтырудың 423 жағдайы анықталған. Өзге науқастар мердігер кәсіпорындардың жұмысшылары болып отыр.

«Бүгінге дейін 167 000-нан астам ПТР сынағын өткізген компания пандемия кезіндегі жұмысты түрлі бағытта жетілдірді. ПТР сынақты өткізуге байланысты, сондай-ақ инфекцияның таралуының алдын алуға қатысты шаралар жақсартылды. Теңізде жүргізілген ПТР сынақтар саны жан басына шаққанда Қазақстанның ірі қалаларындағы орташа деңгейден едәуір жоғары екенін атап өту маңызды.

Компания COVID-19-ға қатысты жағдайды ұдайы қадағалап отыр. Қыс мезгілінде медициналық инфрақұрылымды, материалдарды және тестілеу мүмкіндіктерін жеткілікті деңгейде дайындау үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Теңіз кен орнына инфекция жұқтырудың жаңа жағдайын енгізуді болдырмауға бағытталған қауіпсіздік шараларына, оның ішінде оперативті қызметкерлерді тұрғын үйлерде, көліктерде, жұмыс орындарында топтарға бөлуге, сонымен қатар, жаңа жағдайларды анықтау, тиісті адамдарды, олардың жақын немесе әлеуетті байланыста болғандарын оқшаулау үшін ПТР сынақтарын барынша көбірек өткізу жалғасады» -деп хабарлады компанияның баспасөз қызметінен.

Теңіз кенішінде 800 медициналық оқшаулау бөлмесі мен уақытша жұқпалы аурулар ауруханасында карантиндік 380 орын дайындалған. Сонымен қатар, Теңізде тәулігіне 2000, ал Атырау қаласында тәулігіне 300 ПТР сынағын өткізуге арналған қосымша зертханалар ашылған. Атырау облысына тәулігіне 800 сынақ өткізетін жабдықтарды сыйға тартты. Жылыой ауданындағы Теңіз кен орнына жақын орналасқан Құлсары қаласында 200 орындық көпбейінді медициналық кешен салынып жатыр.

Пандемия басталғалы компания Атырау облысының әкімдігіне медицина қызметкерлері мен тұрғындардың қажеттілігі үшін құны 3,3 млрд. теңгеден асатын қажетті құрал-жабдықтар сатып алып берген. Сондай-ақ, 648000-нан астам жеке қорғаныс құралын, 56 оттегі концентраторын, 252 медициналық құрал-жабдық пен 20 желдеткіш, коронавирус инфекциясын анықтауға арналған 2 ПТР құралын, медициналық автокөлік, пирометрлер, тепловизорлар мен дезинфекция құралдарын, реанимобильдер мен жедел жәрдем машиналарын сатып алды. Студенттерді және дәрі-дәрмектерді Атырау облысына жеткізу үшін арнайы әуе рейстері ұйымдастырылған.

«Біздің компанияның қаржылық қолдауымен Жылыой ауданында арнайы COVID-такси жұмыс істейді. Мемлекеттік органдармен бірлесіп, ғаламдық пандемияға қарсы күресте халыққа қажетті қолдау көрсетуін одан әрі жалғастырады. Компания үшін Жылыой ауданы, әсіресе Құлсары қаласы ерекше маңызға ие. Бұл – тек біздің өндіріс орналасқан жер ғана емес, сонымен қатар, қызметкерлеріміздің туып-өскен аймағы. ТШО өзі қызмет атқаратын қоғамдастыққа инвестиция құюға әрдайым дайын. Сондықтан, көптеген жылдар бойы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жобаларына қолдау көрсетіліп келеді» - деп түсінік берді компанияның баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда коронавирус инфекциясымен күрес қалай жүрген жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар