«Теңіз» кен орнындағы жоба жоспарға сәйкес атқарылуы қажет - энергетика министрі
2022 жылғы 12 тамыз 15:57

«Теңіз» кен орнындағы жоба жоспарға сәйкес атқарылуы қажет - энергетика министрі

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Энергетика министрі Болат Ақшолақов «Теңіз» кен орнындағы ең ірі Келешек кеңею-Ұңғыма ернеуінің қысымын басқару (ККЖ-ҰЕҚБ) жобасын іске асыру барысымен танысты. «Теңізшевройл» басшылығына аталған жобаны іске асыру кестесінен ауытқымауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлемдік сын-қатерлерге қарамастан, жобаны іске асыру кестесін ұстану қажет. Компания отандық өндірушілер мен қызметкерлердің әл-ауқатын қамтамасыз ете отырып, қазақстандық үлесті дамытуға ерекше назар аударуды жалғастыруы қажет», - деді энергетика министрі Болат Ақшолақов.

Министр ККЖ-ҰЕҚБ жобасы сәтті іске қосылса, ТШО-дан Қазақстан бюджетіне түсетін түсімдер едәуір артатынын атап өтті. Биылғы алты айда ТШО ел экономикасына бес жыл ішіндегі рекордтық 7,5 млрд АҚШ долларын бағыттаған.

Жоба іске асырыла бастағаннан бері компания 14,2 млрд АҚШ долларынан астам қаржыға қазақстандық тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алған. Сондай-ақ, 25 мыңнан астам адамды оқытқан.

«Теңізшевройл» ЖШС басшыларының мәліметінше, ККЖ-ҰЕҚБЖ жобасы 93%-ға аяқталып тұр. Қазір барлық жұмыстар «Теңіз» кен орнында шоғырланған. Жаздың басында кен орны операторы – «Теңізшевройл» ЖШС-нің барлық зауытын біріктіретін, сенімділігін арттыратын және өндірістік көрсеткіштерді оңтайландыратын өндірісті бірегей басқару орталығы іске қосылды. ККЖ-ҰЕҚБ жобасы шеңберінде төрт қондырғы жоспарланған. Биылғы шілдеден төртінші – жаңа өлшеу қондырғысы мұнай қабылдай бастады. Сондай-ақ, екінші тоқсанда қысымды ұлғайту қондырғысына қуат беретін кіші электр станциясына кернеу берілген.

Бұған дейін жобаның 408 модулін «Теңіз» кен орнына жеткізу үшін үш жылдық бағдарлама іске асырылған. Мердігерлікке тартылған қазақстандық компанияда 126-дан астам кеме болған. Оның ішінде 40 кеме жаңадан құрастырылып, кейбірі осы жоба үшін арнайы өзгертілген. Каспий теңізі арқылы тасымалдауды дамытуды қолдау мақсатында халықаралық деңгейдегі кәсіби теңізшілерді даярлайтын Қазақстандағы жалғыз оқу орны – ҚБТУ жанындағы Қазақстандық теңіз академиясы (ҚТА) іске қосылды.

Модульдік жүктерді қабылдау және одан әрі тасымалдау үшін «Теңіз» кен орнының шекарасынан шамамен 40 км жерде орналасқан Прорва түбегінде порт салынған. Бұл порттың аумағында ұзындығы 76 км теңізге кіру арнасы, жүктерді түсіруге және сақтауға арналған нысандар бар.

Министр ККЖ-ҰЕҚБ жобасынан босатылатын жұмысшыларға байланысты мониторинг жүргізу және тығыз өзара іс-қимыл жасау қажеттігін атап өтті. Қазір «Теңізшевройл» ЖШС Атырау облысы әкімдігімен, Энергетика мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерімен бірлесіп, қызметкерлерді босату процесіне мониторинг жүргізуді қолға алған.

Еске сала кетелік, бұған дейін энергетика министрі «Қашаған» кен орнында болған еді
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT