Теңіз кен орнындағы жарылыстан зардап шеккендерге материалдық көмек көрсетіледі

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Теңіз кен орнындағы жарылыстан зардап шеккендерге материалдық көмек көрсетіледі. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов «Теңіз» кен орнында болған апатты жағдайға байланысты шұғыл жиын өткізді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оған әкімдікке қарасты басқармалардың басшылары, «Теңізшевройл» ЖШС-нің, облыстық төтенше жағдайлар және полиция департаменттерінің өкілдері қатысқан.

Серік Шәпкенов жарылыстан қаза тапқан жұмысшылардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына қажетті материалдық көмек көрсетілетінін мәлім етті.

«Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына жарақат алған жұмысшыларға медициналық көмек көрсетуді тапсырдым. Апаттың себеп-салдарын анықтау мақсатында облыстық деңгейде арнайы комиссия құрылып, заң аясында тексеру жұмыстарын жүргізеді», - деді облыс әкімі Серік Шәпкенов.

Бүгін, 6 шілдеде жергілікті уақытпен сағат 9:55 шамасында Теңіз кен орнында жарылыс болып, екі адам қаза тапқанын хабарлаған болатынбыз.

Жарылыс «Senimdi Kurylys» мердігер компаниясы мен қосалқы мекеменің қызметкерлері құрылыс алаңында атқарған гидравликалық сынау кезінде болған. Соның салдарынан екі адам мерт болып, үш адам жарақат алған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Теңіз кен орнында жарылыстан жарақат алғандардың екеуі ауруханаға жеткізілді.

Жарақат алған жұмысшының біреуі «Теңізшевройл» ЖШС-не қарасты ұшақпен Атырау облыстық ауруханасына жеткізілді. Қазір науқасқа дәрігерлер сараптама жүргізіп жатыр. Тағы бір жарақат алған жұмысшы Жылыой аудандық орталық ауруханасына түсті. Ол жамбасынан жабық жарақат алған. Оның жағдайы орташа тұрақты. Зардап шеккен үшінші жұмысшыға «ТШО клиникасы» медициналық мекемесінің қызметкерлері психологиялық көмек көрсетіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар