Теңіз кен орнында жарылыс болып, екі адам қаза тапты

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында орналасқан Теңіз кен орнында жарылыс болды. Жарылыстан екі адам қаза тапты. Ал, үш адам әртүрлі дене жарақатын алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл деректі Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.

Теңіз кен орнындағы жарылыс бүгін, 6 шілдеде жергілікті уақытпен сағат 09:55 шамасында болған.

Бізге мәлім дерекке қарағанда, кен орнындағы атмосфералық газы бар құбырда гидротест жүргізілген. Қысымға төтеп бере алмаған құбыр жарылып кеткен.

Жарылыстың салдарынан оқиға орнында екі жұмысшы көз жұмды. Ал, үш адам әртүрлі дене жарақатын алып, медицина қызметкерлеріне жүгінген.

«Жылыой ауданында орналасқан Теңіз қалашығында құбыр жарылып, соның салдарынан 1985 жылы туған екі қызметкер қайтыс болды. Үш адам жарақаттанды. Зардап шеккен 3 қызметкерге медициналық көмек көрсетіліп жатыр», - деп мәлім етті полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Қазір аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексі 156-бабының 3-бөлімімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.

Кен орнындағы жарылысқа байланысты атмофералық газы бар құбырда гидротест жүргізу жұмыстары толығымен тоқтатылды. Тиісті органдар техникалық қауіпсіздік талабының сақталуына байланысты тексеруді бастады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Теңіз кен орнында мердігер мекеменің цехы өртенгенін хабарлаған едік.



Соңғы жаңалықтар