Теңіз кен орнында қызылша ауруы тараған жоқ

None
None
АТЫРАУ.ҚазАқпарат - Атырау облысында, соның ішінде Теңіз кен орнында эпидемиологиялық ахуал бірқалыпты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мамандарының айтуынша, қызылша ауруымен тіркелгендер саны азайып келеді. Жыл басынан бері Жылыой ауданындағы Теңіз кен орнында қызылша ауруының 4 дерегі тіркелді.

«Алғашқы оқиға қаңтар айында анықталды, наурызда қызылшамен 3 адам ауырды. Ауырғандардың екеуі қарым-қатынас арқылы жұқтырған, жасы 45-тен жоғары, вакцинаға алуға жатпайды. Қарым-қатынастағы басқа адамдар екпе алды. Аурудың тарауы тіркелген жоқ, жағдай бақылауда», - деп мәлімдеді Атырау облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінен.

Айта кетсек, жыл басынан бері аймақта 9 мың адам қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинациямен қамтылған. Сәуір айынан бастап қауіп-қатер тобындағы 9-10 айлық нәрестелер, 40 жасқа дейінгі медициналық қызметкерлер мен қызылша ошағындағы 30 жасқа дейінгі адамдар екпе алып жатыр.

«11 сәуірдегі мәлімет бойынша, қосымша 1062 адамға екпе салынды. Қызылшаға қарсы иммундау жұмыстары жалғасуда, алдын алу, эпидемияға қарсы шараларды үйлестіру штабы құрылды, тұрғындармен түсінік жұмыстары жалғасын тауып жатыр»,-деп нақтылады департаменттегілер.

Қазір Атырау облысында қызылшаға қарсы вакцина жеткілікті. Биыл 16 000 доза вакцина алынды, тағы қосымша 15 450 доза алынады, сонымен қатар, қауіп-қатер тобындағыларға салуға 20 500 доза вакцинаға тапсырыс берілді. Екпе салу жұмыстары арнайы кабинетте өтуде. Медицина қызметкерлері вакцинация өткізу бойынша дайындықтан және аттестациядан өткен.

Соңғы жаңалықтар