Теңіз кен орнында коронавирустың ушығуына не себеп

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев Теңіз кен орнында коронавирус індетінің ушығу себебін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кейбір өңірде індет жұқтырғандардың саны артып, енді кейбірінде мүлдем тіркелмегенін көріп отырмыз. Карантин шараларын босаңсыту - кейбір өңірде індет жұқтырғандар санының артуына себеп болды. Көп адам жұмыс істейтін жабық ұжымдарда, мәселен, «Теңізшевройл» және оның Атырау облысындағы мердігер және субмердігер ұйымдарында вирус жұқтырғандардың саны көп. Бұл, Шымкенттегі «PetroKazakhstan» компаниясына да қатысты. Біз оларда ұжымның «жабық» болғандығынан, вахталық кентте тұратындықтан, бастапқыда жария етілген және ұсынылған карантин шараларының сақталмауынан бірден өсім болғанын көріп отырмыз», - деді ол.

Комитет басшысының атап өтуінше, мұндай жағдайда ұйымның басшылығы мен жұмыс берушілер барлық шаралардың сақталуына жауапты болады. Олар карантин талаптарының міндетті түрде орындалуын қамтамасыз етуі керек.

«Жалпы, карантин шараларының жеңілдетілуіне байланысты өңірлердегі барлық жедел штабтарға және жергілікті атқарушы органдарға карантин шарттарының сақталуын бақылауды күшейту, шолғындау тексерулерін жүргізу ұсынысы берілді. Карантин талаптарын жеңілдеткеннің өзінде бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігін түсінгеніміз жөн», - еді Тимур Сұлтанғазиев.

Бұған дейін Атырау облысындағы Теңіз кенішінде коронавирустың 17 ошағы анықталғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар