Теңіз кен орнында былтырдан бері 10 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталған

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысындағы Теңіз кен орнында былтырдан бері коронавирус инфекциясын жұқтырудың 10 736 дерегі тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бұл – былтырғы 8 сәуірден биылғы 31 тамызға дейін тіркелген дерек.

«Оның ішінде 2 863 адамда (26,7%) симптомды, 7 873 (73,3%) адамда симптомсыз вирус белгісі табылды. Ал, соңғы тәулікте Теңіз кен орнында Covid-19 инфекциясының расталған 30 жағдайы тіркеліп, тәуліктік өсім 0,3%-ды құрады. Науқастардың ішінде 22 адам медицина қызметкерлеріне шағыммен жүгінген. Ал, 8 адамда вахталық ауысымнан шығу кезінде анықталды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Биылғы жыл басынан бері Теңіз кен орнында коронавирус инфекциясына қарсы бірқатар профилактикалық іс-шара қабылданған. Мәселен, Жылыой ауданының бас санитар дәрігерінің Теңіз және өзге де вахталық қалашықтардағы карантин шараларын күшейту мақсатында 46 қаулы шығарылған. Қазір кен орнындағы компаниялардың қызметкерлері коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салдыру қарқыны артқан. Осы кезге дейін Теңіз кен орнында 40 109 жұмысшы вакцина ектірген.

«Облыстық департаменттің мамандары 12-27 тамыз аралығында кен орнында коронавирус инфекциясының анықталған жағдайына, санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру кезінде 14 вахталық қалашық қамтылып, заңды тұлғаларға қатысты анықталған заң бұзушылықтарға қатысты әкімшілік шаралар қолданылды. Сондай-ақ, компаниялар жұмысшыларына Жылыой ауданы бас санитар дәрігерінің қаулысының талабын сақтау, қауіпті вирус пен тамақтан уланудың алдын алу, вакцина салдырудың маңызы туралы түсіндіру жүргізілді», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Теңіз кен орнындағы инфекциялық стационарда 574 науқас жатқанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар