Теңіз кен орнын кеңейтумен 100 мың адам айналысуда

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Теңіз кен орнында үшінші зауыттың құрылысы басталды. Бұл соңғы жылдары бастау алған Қазақстандағы ең ірі инвестициялық жоба. Құны үш триллион теңгеден асады, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Құрылыс аяқталған соң кен орнында мұнай өндірудің көлемі 12 миллион тоннаға өсіп, жылына 39 миллион тоннаға дейін артатыны жоспарланған. Бүгіннің өзінде жобаның ел экономикасындағы үлес сүбелі.

Өндірісті кеңейтуге кіріскен кен орнында бүгінгі күні бір мезгілде 50 мың адам жұмыс істеуде. Олардың вахтамен жұмыс істейтінін ескерсек, жұмысшылардың жалпы саны 100 мыңға жетеді. Жаңа зауыттың сұлбасы құрылыс алаңында енді ғана көріне бастады. Бірақ, оның бірейгейлігі қазірден белгілі. Ол жалпы салмағы 53 мың тонна жеке модульдерден тұрады. Оларды Каспийдегі зауытқа жеткізу үшін теңіз айлағын салуға тура келді. Оны салу кезінде ұзындығы 71 километр және тереңдігі 5 метрге жуық канал қазылды.

«Қара және Балтық теңіздерінен модульдер Ресейдің ішкі сулары арқылы  Каспийге түседі. Баржалардың ең жоғарғы жүк көтергіштігі 2 мың тоннаға жетеді. Модульдер алдымен Прорва портына, содан соң Теңізге жеткізіледі», - дейді Үкімет және қоғаммен байланыс жөніндегі бас менеджер Рзабек Артығалиев.

Жоба аяқталғаннан кейін порт Қазақстанға өтеді және Каспий теңізіндегі тағы бір транзиттік хабқа айналады. Ол арқылы астықты да, металды да жөнелтуге, Қытайдан және Азия елдерінен Еуропаға бағытталған жүктерді тасымалдауға да қолайлы болады. 4 жылдан кейін мұнда мұнай өндіру көлемі қазіргі 12 миллион тоннадан 39 миллионға дейін өседі деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар