Tengri Bank салымшыларына 10,7 млрд теңге төленді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Tengri Bank» АҚ салымшыларына бес күн ішінде 10,7 млрд теңге төленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры агент банк ретінде таңдап алған Еуразиялық банк арқылы «Tengri Bank» АҚ салымшыларына алғашқы 5 күн ішінде 10,7 млрд теңге төленді.

«Бұл кепілдік берілген өтемді төлеу бойынша қор міндеттемелерінің жалпы сомасының 60,4 пайызын құрайды. Өтем алу бойынша агент банкке «Tengri Bank» АҚ-тың 2,3 мыңдай салымшысы өтініш беріп үлгерді. Олардың көпшілігі Алматыдан – 599 адам. Павлодардан – 328, ал Нұр-Сұлтан қаласынан – 319 адам. Қазақстан Республикасы облыстарының басым бөлігіндегі салымшылар алдындағы өтелген міндеттемелердің үлесі 50 пайыздан жоғары», делінген хабарламада.

Еуразиялық банктің онлайн-сервистері салымшыларға кезекке тұруды қарауға, бөлімшелердегі жұмысбастылықты бағалауға, кепілдік берілген өтем сомасын тексеруге, сондай-ақ карта жасап шығару және оны тегін жеткізу жөнінде қашықтан өтініш беру арқылы төлемдерді қашықтан алу опциясын пайдалануға мүмкіндік берді.

Келіп түскен өтініштердің статистикасына сәйкес, алғашқы күні төлем картасын шығару 2,5 есеге өскен.

Tengri Bank салымшылары кепілдік берілген өтемді картаға аударудан басқа, оны Еуразиялық банктің бөлімшелерінен мына тәсілдер бойынша ала алады: Агент банктің кассасынан қолма-қол ақшамен; Ақшаны агент банктегі банк шотына немесе кез келген басқа банкке аудару арқылы. Өтемді алу тәсілін салымшылары өздері таңдайды.

Еске салайық, 2020 жылдың 18 қыркүйегінде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Tengri Bank» АҚ-ны барлық банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айыру туралы шешім қабылдаған болатын.


Соңғы жаңалықтар