Теңгенің бұл жолғы нығаюы уақытша құбылыс – экономист

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Экономист Асылбек Күздеубаев теңге бағамының күрт нығаюына байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Экономист сарапшы Асылбек Күздеубаевтың пайымынша, теңге бағамының бұл жолғы нығаюы – жылда қайталанатын құбылыс.

«Теңге бағамының қазіргі нығаюының бірден-бір себебін ғана айта аламыз. Бұл салық төлемдері қорытындыланатын кезеңмен тікелей байланысты. Яғни, қазір қаржы операцияларының бәрі теңгемен айналып жатыр. Сондықтан бұл теңгенің нығаюына негізгі фактор болып отыр. Алдағы бір ай көлемінде теңгенің қайтадан құнсыздану процесін күтуге болады», - деді сарапшы ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы берген сұхбатында.

Экономист теңгенің бұл жолғы нығюы қысқа мерзімді құбылыс болғандықтан, инфляцияға әсері шамалы болатынын айтады.

«Теңге бағамының қысқа мерзімді нығаюына байланысты көп көлемде шетелдік валюта сатып алу аса тиімді емес. Өйткені алдағы уақытта теңгенің құнсыздануы әлі де жалғасуы мүмкін. Бізде теңге құнсызданып, доллар бағамы өскен сайын, ішкі нарықтағы баға шарықтап өседі. Алайда теңге бағамы нығайған сыңай танытқан кезде, неге екені белгісіз, нарықтағы баға төмендемейді. Мысалға тұрғын үй бағасын, азық-түлік бағасын алып қарауға болады. Азық-түлік бағасы алдағы уақытта түсуі мүмкін. Бірақ ол жаздың аяғы мен күздің басында болады. Яғни, бұл жолғы теңгенің нығаюымен байланысты болмайды. Күзге қарай бау-бақша өнімдері мен егіс дақылдарының ұсынысы артады. Сәйкесінше бұл бағаның түсуіне әсер етеді. Мұндай құбылыс жылда қайталанады», - деді сарапшы.

Кеше ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев АҚШ долларының теңгеге қатысты бағамы төмендеуіне орай импорт арқылы келетін тауарлар арзандайтынын айтқан еді.

Сонымен қатар соңғы күндері қор нарығында доллар бағамы бірден 6 теңгеге арзандап, 1 доллар 435 теңгеден саудалануда.

Бұған қоса Ұлттық банк алдағы демалыс күндердегі доллар мен рубльдің ресми бағамын белгіледі.


Соңғы жаңалықтар