Теңгенің болашағы бұлыңғыр ма

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Девальвация. Доллар. Дағдарыс. Дабыраға ілесіп даурыққан жұрт. Дүдәмал болжамдар. Сұрақ көп. Жауап ше? Әрине, Ұлттық банк девальвацияның дүмпуін болдырмау шараларын іске қосып бақты. Долларды экономикадан ғана емес, азаматтардың санасынан да ысырып тастау тетіктері біртіндеп енгізілуде. Әйтсе де әлемдік саудамен сапырылысқан кез келген мемлекет үшін жаһандық валютаны «жеңе» салу оңай емес. Тіпті болмайтын дүние. Дегенмен теңгеге қатысты тоқтам мен түйін қайда? Осы төңіректегі мәселелерді «ҚазАқпарат» тілшісі біршама қаузап көрген болатын.

Құнсыздану кезеңдері

Бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан дағдарыстың алғашқы дауылы соққан 2007-2010 жылдары теңгеге шаққандағы доллар бағамы 150-дің төңірегінде тұрақтаған-ды. Кейіннен бір-ақ күнде, 2014 жылдың 18 ақпанында 1 доллардың құны 185 теңгеге секірді. Қалың бұқара бұны ұйқысынан оянғанда білді. Аң-таң. Бірақ көнді, көтерді, күнкөрісін жалғастырды.  Не керек, араға бір жарым жыл салып, доллар әулие 2015 жылдың 20 тамызында 300-ден бір-ақ асып, бұрқ етті. Иә, «көк қағаздың» шарықтау шегі былтырғы жылдың қаңтарында 384-ке дейін көтеріліп барып түскен болатын. Содан бері теңселіп тұр.

Осылайша екі жылда екі мәрте қайталанған девальвация еңбектенген елден бастап, экономика секторларын сеңдей соқты. Есеңгіретпесе де етек-жеңді жиғызды. Бұл девальвация ел егемендігін алғалы бергі төртінші толқын болып тұр. Осыған дейін үш рет құнсызданған. 1999 және 2009, 2014 жылдары. Алғашқысы жалпақ жұртқа жарияланғанымен, кейінгілері кешегідей күтпеген жерден орын алды. Дүркін-дүркін девальвацияның әрқайсысында ұлттық валюта 20 пайыздық құнын жоғалтқан. 1999 жылдың 4 сәуірінде Қазақстанның сол кездегі премьер-министрі Нұрлан Балғымбаев пен Ұлттық банктің төрағасы Қадыржан Дамитов теңге бағамын еркін айналымға жіберетіндерін мәлімдеді. Келесі күні-ақ 80-90 теңге болып тұрған доллар бағамы 150-160-қа көтеріліп кетті. Үкімет Қазақстан экспортының көлемін арттыру үшін теңгені еркін айналымға қоя бергенін, елдегі экономикалық жағдайды бақылай алатындарын айтып ақталған. Бұл девальвацияға Оңтүстік-Шығыс Азиядағы 1997-1998 жылдардағы қаржылық дағдарыс, «қара алтын» құнының құлдырауы себеп болды. Сарапшылар бұны «валюталық дағдарыс» деп те атайды.

Екінші девальвация он жылдан соң - 2009 жылдың 4 ақпанында орын алды. Теңге тағы 25 пайызға құлдырады. Бірнеше сағаттың ішінде ақша айырбастау пунктерінде доллардың құны 128-ден 170 теңгеге шарықтап, кейін 150 теңгеге қарай тұрақтады. Бұл кезде де себеп баяғы. Мұнай сыртқа шығарылатын шикізаттың 60 пайызын құрайтын. Ұлттық банктің сол кездегі төрағасы Григорий Марченко теңге бағамын ұстап тұру үшін 2008 жылдың 4-тоқсанында Алтын валюта қорынан  6 млрд АҚШ доллары жұмсалғанын да жария етті. Бір өкініштісі, билік «дағдарыс болмайды, депозитті теңгемен сақтаған тиімді» деп соңына дейін сендіріп келген еді. Салдарынан тірнектеп тергенін теңгемен сақтаған жұрт сан соғып қалды.

2014 жылдың 18 ақпанындағы девальвацияда доллар бағамы 185 теңгеге секірді. Одан көп ұзамай Қазақстан валютасы 2015 жылы төртінші девальвацияны бастан өткерді.  

  

Статистиканы сөйлетсек...

1993 жылдан бергі теңге бағамының доллар мен рубльге шаққандағы ресми статистикасы (жылдық орта есеппен).

Жылдар

доллар

рубль

1993

5,255

*4,105

1994

35,64

*15,87

1995

60,95

*13,48

1996

67,30

*13,70

1997

75,44

*13,45

1998

78,30

10,43

1999

119,52

4,82

2000

142,13

5,05

2001

146,74

5,04

2002

153,28

4,89

2003

149,58

4,87

2004

136,04

4,72

2005

132,88

4,70

2006

126,09

4,64

2007

122,55

4,79

2008

120,30

4,86

2009

147,50

4,66

2010

147,35

4,85

2011

146,62

5,00

2012

149,11

4,80

2013

152,13

4,78

2014

179,19

4,76

2015

221,73

3,61

2016

342,16

5,11

2017

(І-тоқсан)

322,46

5,49


* теңге бағамының 1000 рубльге шаққандағы мәні көрсетілген

 

Сарапшы бағаны

Тарихын таразыладық, статистикасын сараптадық. Ендігі іс - болашақтың болжамы. Алда не болмақ? Мұнай бағасы қашан тұрақтайды? Девальвация тағы қайталана ма? Әлде ғайыптан тайып, теңге бұрынғы бағамына түсе ме? Депозитті қай валютамен сақтаған тиімді? Осы сұрақтарға жауап алу үшін әлемдік қаржы нарығының ірі ойыншысы «Forex Club» компаниялар тобының сарапшысы Валерий Полковскийге жүгінген едік.

-         Валерий Иванович, биыл тағы девальвация болуы мүмкін бе?

-         2017 жылы теңгенің айтарлықтай құлдырауы бола қоймайды. Дегенмен бәрі негізінен қандай шаралардың қолға алынатынына байланысты. Соңғы кездері  ұлттық валюта бір нығайып, бір әлсіреп, теңселіп тұр. Осы процесс жалғаса бермек. Теңгенің қазіргі бағамы объективті экономикалық жағдайларға жауап беріп отыр. Қаржылық төлем қабілеті тұрақталып келеді. Алтын валюта қорынан айтарлықтай резерв жұмсау қажеттілігі туындап тұрған жоқ. Сол себепті де Ұлттық банктің биыл ұлттық валютаны девальвацияға ұшырататындай себебін көріп отырған жоқпын. Десе де валюта курсы экономикалық жағдайлардың өзгерісіне барынша ілесіп отыруы үшін теңгені еркін айналымда ұстау қадамдары жалғаса береді деп ойлаймын.

-         Биыл «қара алтын» құны қай деңгейге тұрақтайды?

-         Brent маркалы мұнайдың жылдық орташа бағасы қазір барреліне 54 доллар көлемінде тұр. Осы деңгейде, 55-56 доллар көлемінде жалғасады. Ал ауытқуы айтарлықтай,  50-60 доллар көлемінде болуы әбден мүмкін.

-         Теңге әлсін-әлсін нығайып келеді. Бұрынғы бағамына қайтуы мүмкін бе? Ең құрығанда 200 теңгеге қарай түсе бе?

-         Шынымды айтсам, бұған күмәнім бар. Өйткені девальвацияның өзі сыртқы экономикалық сектордағы бәсекелестікке оң ықпал етті. Инвестициялар да тартымды бола бастады. Оның үстіне осы экономикалық дағдарыс кәсіпкерлікті, экономикалық белсенділікті жандандырды. Бұрынғы бағамға қайтудың қажеттілігін де көріп тұрған жоқпын. Доллар мен теңгенің қазіргі арақатынасы қалыптасқан макроэкономикалық жағдайдан алшақ түсіп тұрған жоқ. Оған қоса, мұнай бағасы көтерілген күннің өзінде сол деңгейде тұрақтайтынына кепіл жоқ.

-         Сарапшы ретінде қазақстандықтарға депозитті қай валютамен сақтауға кеңес берер едіңіз?

-         Қазір теңге тиімдірек. Ұлттық валютамен ашылған депозиттердің шетелдік валютаға қарағанда пайыздық мөлшерлемесі жоғары. Инфляция үнемі төмендеп келеді. Реттеуіштің өзі депозиттердің табыстылығын жоғары ұстауға тырысып отыр. Инфляция деңгейімен салыстырғанда шетелдік валюталармен ашылған депозиттердің жағдайы жақсы емес. Өйткені теңге аз да болса нығайды. Пайыздық мөлшерлемесімен бөлек, теңгенің нығаюы оларды тығырыққа тіреуі мүмкін. Мұнай бағасы тұрақталды. Үлкен девальвациялар күтіліп отырған жоқ. Сондықтан қазір депозитті ұлттық валютамен ашу тиімді.

Түйін

        Біраз дүниенің ара жігін ажыраттық. Енді теңге төңірегіндегі толқуларға қатысты талас тудырмайтын фактілермен түйіндесек.

 1-факт: Мемлекеттің теңгені еркін айналымға жіберуі қашан да мәжбүрлі шара. Барлық дағдарыста Ұлттық банк Алтын валюта қорын пайдаланып, шығыны асып кеткенде, мемлекеттің шамасы келмей бара жатқанда валютаны еркін айналымға жібереді. Оған ең алдымен сыртқы экономикалық факторлар әсер етеді. Әрине, өз кезегінде макроэканомикаға әлемдік оқиғалар мен саяси сахналардың ойыны ықпал жасайды.

2-факт: Қазақстан жағдайында, ел экспортындағы шикізаттың негізгі бөлігін құрайтын мұнай бағасына тәуелділік басты проблема болып тұр. Бір анығы - бұл тәуелділіктен арылатын күн бүгін емес. Сөзсіз мұндай жағдайда мұнай бағасының динамикасы алдағы жылдар бойы валюта нарығына ықпал ете бермек. Қазір мұнай бағасының динамикасы мен теңге динамикасының арасындағы реттегіштер үдерісі тым жоғары.

3-факт: Бұлдырап тұрған бағамның құлдырау тарихына бекер көз жүгіртпедік. Кез келген жағдайға тарихты таразылап, салыстыру арқылы объективті болжам жасалады. Дәйектесек бұған дейінгі тарихта теңгенің бұрынғы бағамына қайта оралуы деген дүние болмапты. Факті ме? Факт! Тек көтеріліп келеді. Ендеше доллар бағамының болашақта төмен қарай сырғымайтынына тағы дәлел. Доллардың дүрдараздығынан мезі болған әлемдік сарапшылар балама валютаны іске қосып, АҚШ асып келетін «көк қағаздың» құнын құлдырату туралы да айта бастады. Бірақ ол да оңай дүние емес. Өйткені балама валютаның енуі туралы әңгіме құр «сөз» күйінде, әзірге оған ешқандай алғышарттар да жоқ. Ендеше «доллардың күні қараң» болатын күнді күту бекер. Сонда не қалады? Бейқамдық пен немқұрайдылықты қойып, ширау ғана. Бұл ұлттық валютаның тұғырлы болуына жауапты орган - Ұлттық банкке қарата айтылған наз.

Соңғы жаңалықтар