Теңге ілуден Азия чемпионатында қазақстандықтар алғашқы екі орынды алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазанат» атшабарында теңге ілу, аударыспақ сияқты ұлттық ат спорты түрлерінен чемпионаттардың ашылу рәсімі болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт комитетіне сілтеме жасап.

Жарысқа спортшылар Түркия, Қытай, Ресей, Моңғолия, Ауғанстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттерінен келді.

Жарыста теңге ілуден ел чемпионы Мағжан Сапарбек пен Азия чемпионы, «Ақ бидай» ауылдық ойындарының жеңімпазы Ғалымжан Ізжановтар бірінші және екінші орындарды өзара бөлісті. Үшінші орынға қырғызстандық спортшы Амантұр Минуруулу тұрақтады.



Осы күні аударыспақтан III Азия чемпионаты басталды. Ел намысын бұл сында Азамат Серғазин, Шыңғысхан Ержанов, Есімхан Рахмәтілла, Сырым Ізбасаров, Біржан Қосалиев қорғады. Бүгін спортшылар екі салмақ дәрежесінде сынға түсті. 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Азамат Серғазин бірінші орынды жеңіп алды. 70-келіге дейінгі салмақта бірінші орынды Шыңғысхан Ержанов алды. Ертең чемпионаттардың екінші жарыс күні.

Теңге ілу мен аударыспақ спорттарының жалпы сыйлық қоры 14 млн теңге.

Айта кетейік, аударыспақ спортынан бірінші Азия чемпионаты 2014 жылы Астанада өтті. Екінші чемпионат 2016 жылы Қытайда, 2015 жылы теңге ілуден Азия чемпионаты Қазақстан астанасында өтті. Биылғы жылы аталған жарыстар Астананың 20 жылдығы аясында өтіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар