Теңге девальвациясына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ - Ұлттық банк төрағасы Қ. Келімбетов

None
None
АСТАНА. 10 қазан. ҚазАқпарат - Теңге девальвациясына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов осылай мәлім етті.

Палата отырысында сенаторлар ҚР Президентінің Ұлттық банкі төрағасын тағайындау туралы ұсынысына келісім мәселесін қараған болатын. Онда сенатор Светлана Жалмағамбетова ҰБ төрағасына сұрақ қойып: «Үкімет сіздің «қолыңызбен» девальвацияның екінші сатысын жасағалы жатқан жоқ па?» деген еді.

«Шынымен де нарықта кейде осындай қобалжу болып тұрады, өйткені 2009 жылы Григорий Марченконы тағайындаған тұста теңге девальвациясы жасалған болатын. Бұл жолы менің тағайындауыма қатысты сондай жағдай қайталанбай ма дейтіндер баршылық. Осыған орай, тағы да қайталағым келеді теңгенің құнсыздануына алаңдайтындай ешқандай негіз жоқ. Ұлттық банкпен жүргізіліп келе жатқан айырбас бағамы саясатына әсер ететін іргелі факторлар еш өзгеріске ұшыраған жоқ. Атап айтқанда, мұнай бағасы да қалыпты, ресей валютасының жағдайы да орнықты. Яғни, теңге девальвациясы бойынша ешқандай негіз жоқ», деді Қ. Келімбетов.

Бұдан бөлек, жаңа төраға Ұлттық банктің айырбас бағамының күрт секіріп кетуін болдырмайтын саясатты жалғастыратынын атап өтті. «Мемлекет басшысы да мені тағайындау барысында ешқандай да өзгерістер болмауы керектігін тапсырған болатын», деді Қ. Келімбетов.

Соңғы жаңалықтар