Теңге бағамының төмендеуіне еш негіз жоқ - Ұлттық банк

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Ұлттық банкі валюта нарығындағы ахуалдың тұрақты екенін және теңге бағамын негізсіз төмендетуге себеп жоқ екенін жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Ұлттық банкі нарыққа тұрақты түрде мониторинг жүргізеді және қажет болған жағдайда ұлттық валюта бағамының орнықтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шара қабылдайды. Қазақстан Ұлттық банкі және екінші деңгейдегі банктер халық және бизнес тарапынан сұранысты қанағаттандыру үшін қолма-қол, сол сияқты қолма-қол емес шетел валютасының жеткілікті қорына ие. Қазақстан Ұлттық банкі банк жүйесін шетел және ұлттық валютасының қажетті санымен уақтылы толықтырып отыруға дайын», - деп мәлімдеді еліміздің бас қаржы реттеушісі.

Ұлттық банк мәліметінше, теңгенің бағамын қалыптастыру іргелі ішкі және сыртқы факторлардың ықпалымен жалғасады. Олар қазіргі уақытта қолайлы қалыптасып отыр. Мұнай бағасы баррелі үшін 65-70 АҚШ доллары ауқымында тұр. Ресей рублі нығаю үрдісін көрсетіп, экономикалық өсу қарқыны орнықты болып қалуда, төлем балансының жай-күйі тұрақты.

Теңгенің ағымдағы бағамы тұрақты және «KASE» Қазақстан қор биржасында Қазақстан Ұлттық банкінің қатысуынсыз қалыптасады. Валюта нарығындағы ықтимал құбылмалылық іргелі факторлардың әрекетіне негізделмеген және қысқа мерзімді сипатта ғана болуы мүмкін.

«Осы жағдайларда Ұлттық банк ықтимал шығындарды болдырмау үшін валютаны сатып алу мен сату бойынша баға белгілеудің айырмасында, сол сияқты теңгенің валюталық бағамын түзету нәтижесінде де алыпсатарлық валюталық операцияларды жүзеге асырмауды ұсынады. Қазақстан Ұлттық банкі қолма-қол шетел валютасы нарығындағы ахуалды бақылап отыр. Айырбастау пункттерінде валюталарды айырбастау бағамын көтеру жағдайлары туындаған кезде Қазақстан Ұлттық банкінің филиалдары оларды қарауға және нарықты тұрақтандыру бойынша қажетті жедел әрекет қабылдауға дайын», - делінген таратылған ақпаратта.

Соңғы жаңалықтар