Теңге бағамының өзгеруі отандық автонарыққа қалай әсер етеді - сауалнама

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан автобизнес қауымдастығы 2018 жылдың қорытындысы бойынша ресми дилерлер арасында сауалнама жүргізіп, Қазақстанның автонарығына талдау жасады.

Сауалнамаға елдегі жаңа автокөліктердің ресми сатылымының жартысы тиесілі компаниялардың басшылары қатысып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2018 жылы жаңа автокөліктерді сату нарығындағы динамикаға қандай факторлар әсер етті? Бұл сұраққа жауап берген дилерлер ең алдымен автобизнесті несие шарттарының күрделілігі, валюта бағамының өзгеруі және тұтынушылардың мүмкіндігінің азайғаны мазалап отырғанын алға тартқан.

«Сауалнама қорытындысы бойынша, дилерлердің 35,7 пайызы 2018 жылы сатылым жоспарлы көрсеткішке сай болғанын, ал 35,7 пайызы жоспарлы көрсеткіштен жоғары болғанын, ал қалғаны, яғни 28,6 пайызы төмен болғанын айтып жауап берген. 2018 жылы валюта бағамының өзгеруі жаңа автокөліктердің бағасының 11 пайызға көтерілуіне алып келген. Десе де, кейбір компаниялар қайта сату ағымының жүргізілуіне байланысты керісінше жаңа автокөліктердің төмендегенін айтқан», - делінген Қазақстан автобизнес қауымдастығының хабарламасында.

Сауалнамаға қатысқан диллерлер 2019 жылы жаңа автокөліктердің сатылымы былтырғыдан қарағанда жоғары болуы мүмкін деп болжап отыр.
Еске сала кетсек, 2018 жылы Қазақстанда жаңа көліктерді сатып алуға 1,5 млрд долларға жуық қаржы жұмсалған болатын.

«12 айда ресми дилерлер 57 919 автокөлік өткізіп, бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғы деңгейден 24,9 пайызға жоғары болды. Жалпы, өткен жылы еліміздің тұрғындары жаңа жеңіл көліктерді сатып алуға 496,6 млрд теңге жұмсап, бұл қаржы 2017 жылғы көрсеткіштен 35,8 пайызға артық болды», - деп хабарланған еді «ҚазАвтоӨнеркәсіп» автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағының хабарламасында.

Соңғы жаңалықтар