Теңге бағамының болашақтағы жайы қандай болмақ

None
None
 АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Теңге бағамының жақын болашақтағы жайы қандай болатындығы жөнінде ҚазАқпарат тілшісіне FXPrimus аналитикалық департаментінің жетекшісі Арман Бейсембаев айтып берді. 

Қаржы сарапшысының айтуынша, теңгенің долларға қарағанда әлсіреуі - енгізілген санкцияларға байланысты Ресей нарығындағы дүрбелеңге қатысты.

«Қазақстанда доллардың өсуі нақты рубльдің долларға қарсы бағамының төмендеуінен болып отыр. Қазіргі ахуалға қарағанда жаңа санкциялар уақытша ғана кері ықпалын тигізетіні анық. Ұзақ мерзімді перспективада оның ауыз толтырып айтатындай әсері болмайды», - деді сарапшы.

Арман Бейсембаев болашақта санкциялық тыйым салуларға қарсы тетіктер табылатынына сенімді. Ресей экономикасы осы ахуалға бейімделген соң санкциялардың ықпалы нөлге теңеседі.

«Доллардың өзі резервті валюталар корзинасы мен мұнайдың қымбаттауынан төмендеп барады. Қазіргі мұнай жағдайы осы қалпын сақтаса абыр-сабыр басылған соң теңге мен рубль өзінің бұрынғы позицияларына қайта оралады», - деді А.Бейсембаев.

Бүгінде таңғы сессияда Қазақстан қор нарығында 1 АҚШ долларының құны 330,68 теңгені құрады.

Айырбастау пункттері 330-332 теңге арасында саудаласып жатыр.

Айта кету керек, 10 сәуірде теңге бағамы  кенеттен төмендеді. Таңертең айырбастау пункттерінде доллар 327 теңгеге сатылса, кешке таман 329 болды.

Соңғы жаңалықтар