Теңге бағамы наурыздағы тұрақсыздықтан кейін нығайып келеді – Ұлттық банк

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Наурыз айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 5,7 %-ға нығайып, бір доллар үшін 467,03 теңге болды. Бұл туралы ҚР Ұлтық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Наурызда болған геосаяси тәуекелдер мен Ресей рублінің жоғары құбылмалығы теңге бағамына қысым жасады. 16 наурызда теңге бағамы биржада 1 доллар үшін 512,17 теңгеге жетті», - деді Ұлттық банк төрағасы Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Оның айтуынша, қаржылық тұрақтылық тәуекелдерін шектеу үшін Ұлттық банк жекелеген күндері валюталық интервенциялар жүргізді, олардың көлемі наурызда 990,5 млн доллар болған.

«Бюджетке берілетін трансферттер үшін Ұлттық қордан 891 млн долларды сатуы және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің 233,4 млн доллар мөлшерінде валюталық түсімдерін сатуы да теңгеге қолдау көрсетті. Теңге бағамы наурызда едәуір қалпына келді және ай қорытындысы бойынша 5,7 %-ға нығайып, 1 доллар үшін 467,03 теңге болды. Ұлттық валюта бағамы сәуірдің басында нығаюын жалғастырып, 11 сәуірде 449,63-ті көрсетті», - деп түсіндірді Ғ. Пірматов.

Сәуір айының басында Ұлттық банк теңгенің нығаю себептерін атаған еді. Ұлттық банк сарапшыларының пайымынша, әлемдегі геосаяси жағдай теңге бағамына қысқа мерзімдік сипатта әсер етеді.


Соңғы жаңалықтар