Теңге бағамы қазан айында қандай болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Альпари сараптамалық департаментінің директоры Александр Разуваев ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат беріп, Қазақстандағы валюталық-экономикалық жағдайға болжам жасады.

«Қазақстан экономикасы тұрақты дамып келеді. Өсім қарқыны жылына шамамен 4 пайызды құрайды. Қазақстан экономикасының негізгі өсімі мұнай өндірудің мол көлемі мен шикізаттың әлемдік бағасының жоғары болуы есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Мұнай бағасының өсе түсуі мұнайды экспорттаушы елдер және олардың валютасы үшін тұрақты дамудағы басты фактор саналады. Қазіргі уақытта конъюнктура өте қолайлы, ал Қазақстан Республикасының экономикасы кінәратсыз көрінеді, перспективасы да барынша оң. Дегенмен, тәуекелдерді төмендету және өсім қарқынында сәтсіздіктер болмауы үшін экономиканың шикізат емес секторын дамыту қажет», - деді сарапшы.

Александр Разуваевтың болжауынша, қазан айында Brent маркалы мұнайдың баррелі 80  доллар болған жағдайда Қазақстанның ұлттық валютасы одан ары ныға түседі деп күтіледі. Доллар бағамы 350-370 теңге төңірегінде, ал еуропалық валюта күздің ортасында 410-425 теңге шегінде саудаланатын болады. Қарқынды дамып келе жатқан елдердің валютасына АҚШ Федералды резервтік жүйесінің пайыздық ставкасының өсу фактісі қысым көрсете береді. 26 қыркүйекте ставка 25 базистік тармаққа артқан еді және қазіргі уақытта 2,00-3,25 пайызды құрайды.

«2018 жылдың қорытындысында Қазақстандағы өндіріс деңгейінің өсімі 4,5 пайызды құрайды деп есептейміз. Ел экономикасы үшін бұл барынша лайықты көрсеткіш. Көптеген дамыған елдер мұнан да төмен мәліметтер көрсетеді. Сауда, қызмет көрсету және өзге де шикізаттың емес сектор салаларының өсім көрсеткіші бар. Қазіргі уақытта олар толықтай инвестицияланып отырған жоқ және лайықты қайтарым бермеуде», - деді сарапшы.

Сонымен қатар, ол АҚШ пен Қытай арасында туындаған сауда текетіресі Қазақстан экономикасының өсімі үшін жаңа мүмкіндіктер ашатындығын баса айтты.

Соңғы жаңалықтар