Теңге айналымға енгізілген кезде менің жұбайым банкте істеген - Бекназаров

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Бектас Бекназаровтың айтуынша, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ұлттық валютамызды енгізу оңай болған жоқ. Сол кездегі жүйеге байланысты дайындық жұмыстары құпия түрде жүргізілді. Сондықтан осы бастаманың басы-қасында болған Нұрсұлтан Назарбаев жаңа мерейтойлық банкнотта бейнеленуге әбден лайық, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Иә, нарықтық қайта құруды жүзеге асыра бастаған Қазақстан үшін өткен ғасырдағы сол 91-92 жылдар ақша жүйесінің тұрақсыздығын әбден бастан кешірген қиын жылдар еді. Қазіргі жас буын оның бәрін кітаптан оқып білсе, біздер оны өзіміз бастан кешірдік. 1993 жылдың қараша айында өз теңгеміздің айналымға шығарылуы біздің жас тәуелсіз еліміздің жылнамасындағы ең маңызды оқиғалардың бірі болды. Өз жанұям туралы есіме түсіп отыр, сол жылдары жұбайым банк қызметкері болатын. "Ақша ауысады, енді біз өз теңгемізді пайдаланамыз!" деп жүрген сол күндері ол тәуліктеп жұмыстан шықпайтын. Түн ортасында жұмыстан келгенде құнсыз қағазға айналған ескі рубльдің есебін миллиардтап санағанын айтып келетін. Ал жап-жаңа теңге банкноттар қолымызға тигенде оны қалай ұқыптап ұстағанымыз, өз ақшамыз үшін кеудемізді қандай мақтаныштың кернегені де есімде. Кеңес үкіметі тараған соң, көп ұзамай, ұлттық валютамыздың айналымға енгізілуі Елбасының стратегиялық көрегендігі екендігі даусыз. Теңге туралы сұрақты Елбасы Тәуелсіздіктің алғашқы қадамдарымен қатар көтеріп, көптеген ұйымдастыру мәселелері сол алғашқы кезеңде құпия жүргізілгенін біз, әрине, кейін білдік. Теңгені жасаудағы Тұңғыш Президентіміздің ерен еңбегін әрқайсысымыз жақсы білеміз. Сондықтан оның жаңа банкнотта бейнеленуі - лайықты іс", - деді Б.Бекназаров бүгін жаңа купюраны таныстыру рәсімінде.

Айта кетейік, шара аясында ғалымдар мен қоғам қайраткерлері жаңа банкнотқа қатысты өз ойларын білдірді. ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрыновтың ойынша, жаңа банкнот теңгенің құндылығын арттыра түседі. Ал Қазақстан xалқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжановтың Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бейненген купюра доллар сияқты әлемдік валюталармен қатар тұра алады деп санайды.

Соңғы жаңалықтар