Тендерге қатысты мәселе құқықтық алаңда шешілуі керек - Алмасадам Сәтқалиев

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында жаңаөзендік жұмысшылардың «ӨзенМұнайГаз» өткізген тендердің күшін жою» талабына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қабылданған шараларға байланысты айтсақ, мен кеше «ӨзенМұнайГаз» өкілдеріне, «ҚазМұнайГаз» басшылығына біздің министрліктің өкілдерімен бірге өз ұстанымдарын мұнайшыларға түсіндіру туралы тікелей тапсырма бердім.

Бүгін кешегі қызметкерлерге қосымша тағы да басқа қызмектерлер қосылды. Қазір талаптары түсініктірек бола бастады, яғни «ӨзенМұнайГаздың» еншілес компаниясы өткізген тендердің күшін жою талап етіліп отыр. Бұл жерде жекеменшіктегі қызмет көрсетуші компанияның қызметкерлері келгенін түсіну керек. Ол компания тендерде басқа бір жекеменшіктегі компаниядан ұтылып қалған. Бұл мәселе құқықтық алаңда шешілуі керек екені түсінікті», - деді ол.

Министрдің сөзінше, «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы осы тендердің заңдылығына талдау жасаған.

«Маған берілген ақпарат бойынша, «Самұрық-Қазына» аталған тендер процедурасының қаншалықты дұрыс өткенін тексерген. «Тендер қолданыстағы ережеге, заңнамаға сәйкес өтті» деген қорытынды шығарылды. Демек, жеңімпаз компания тендерді заңға сәйкес, төмен бағамен ұтқан. Оның үстіне, баға айырмашылығы айтарлықтай болған», - дейді Алмасадам Сәтқалиев.

Министр шеруде тұрған жұмысшылар алдына оған қажеттілік болған жағдайда ғана шығатынын айтты.

«Кеше диалог ұйымдастырылды. Бұл жұмыс жалғасады. Энергетика министрлігі тарапынан аталған еңбек дауын шешуге қажетті мүмкін шаралардың бәрі қабылданады.

Мұнайшылардың алдына әзірге менің шығуымның қажеттілігін көріп тұрған жоқпын. Ондай қажеттілік бар екені айқындалса, шығамын.

«ӨзенМұнайГаздың» әлеуметтік жауапкершілігі бар екенін ескерсек, бұл мәселені шешу үшін жергілікті әкімдік өкілдерімен алдын ала келіссөз жүргізілген. Жұмысшы мамандықтағы қызметкерлердің бәріне жаңа компанияға осыған дейін алған айлықтан кем болмайтын шарт бойынша жұмыс ұсынылған. Ол жерде айтарлықтай үлкен айлық болған. Көптеген жұмысшы ол ұсыныстан бас тартып, Энергетика министрлігінің ғимаратында пикет жасау туралы шешім қабылдады. Әңгімелесеміз. Министрдің орынбасары, жұмысшылардың құқығын қорғауға жауапты омбудсмен, басқа да шешім қабылдауға жауапты тұлғалар келіссөзге қатысып жатыр», - деді ведомство басшысы.

Еске салсақ, «Бералы Маңғыстау Company» компаниясының бұрынғы қызметкерлері Астанаға келіп, кешеден бері тендерден ұтылған компанияның жұмыссыз қалған қызметкерлерінің мәселесін шешу бойынша бірнеше талап қойып жатыр.

Бұған дейін Энергетика министрлігінің жаңаөзендік жұмысшылар талаптарына қатысты шешімін жақында жариялайтыны мәлім болды.


Соңғы жаңалықтар