Теміржолда жолаушы тасымалы 29% өскенімен пандемияға дейінгі көрсеткішке әлі жеткен жоқ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақпан айының қорытындысы бойынша елдегі теміржол арқылы жолаушы тасымалы 29 пайыз өскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ranking.kz ресурсының жазуынша, бұл – коронадағдарысқа дейінгі деңгейден төмен көрсеткіш.

«Биылғы қаңтар-ақпан аралығында теміржол тасымалымен айналысатын компаниялардың табысы 196,2 млрд теңге болып, былтырғыдан 20,8% өсті. Тасымал табысының негізгі бөлігі немесе 185,2 млрд теңгесі жүк тасымалынан түскен. Жолаушы тасымалының табысы 11 млрд теңге ғана болып отыр», - деп жазады Ranking.kz.

Порталдың мәліметінше, биыл алғашқы екі айда теміржол көлігімен 70,8 млн тонна жүк тасымалданған. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 10,2% көп.

Өңірлер арасында Қарағанды облысында ең көп жүк тасымалданған – 8,8 млн тонна.

Алғашқы үштікте Ақтөбе облысы (7,7 млн тонна) мен Нұр-Сұлтан қаласы (7,4 млн тонна) бар.

«Қаңтар-ақпан аралығында теміржол арқылы 2,5млн адам қатынады. Бұл былтырғы кезеңнің көрсеткішінен 28,8 пайыз көп» делінген материалда.


Соңғы жаңалықтар