Теміржол стансалары басшыларының парамен ұсталған видеосы жарияланды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі теміржол стансаларының басшыларын ұстау кезіндегі видеоны жариялады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы төрағасының орынбасары Шыңғыс Қабдолланың айтуынша, теміржол қатынасы саласындағы жемқорлық әрекеттер жүйелі түрде қайталанады. Шенеуніктер де, басқа басшылар да өз қызметтерін асыра пайдаланып жатады.

«Мәселен, осы аптада «Қазақстан теміржолы» АҚ-сына қарасты Қостанай жолдары бөлімшесі филиалының директоры, оның орынбасары және станция басшысы ұсталды. Олар кәсіпкерден жалпы сомасы 6,1 миллион теңге көлемінде пара алған. Сол үшін тауарларды тасымалдауға қажетті вагондарды кедергісіз беруге уәде еткен», - деді Ш.Қабдолла Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.



Оның айтуынша, Алматы облысында Бурундай станциясының басшысы да пара алғаны үшін күдікке ілініп отыр. Ол вагон ұсынғаны үшін кәсіпкерден 100 мың теңге талап еткен.



Айта кеткен жөн, соңғы үш жылдың ішінде теміржол тасымалы саласында 70 жемқорлық әрекеті анықталды. Сол үшін 33 лауазымды тұлға қылмыстық жауапқа тартылды, олардың ішінде 28 адам сотталды.

«Теміржол қатынасы саласындағы жемқорлық әрекеттері жұмысқа қабылдаудан бастап мемлекеттік сатып алулар, жолаушылар мен жүк тасымалына дейін таралып кеткен. Басшылар да, жолсеріктер де жауапқа тартылады», - деп атап көрсетті Ш.Қабдолла.

Соңғы жаңалықтар