+7 (701) 759 90 19
USD 426.99 EUR 514.35
RUB 5.72 CNY 65.96
Jańalyqtar

Теміржол қолжетімділігі арта түсуде: Жолаушыларға жаңа вагондар мен қызмет түрлері ұсынылады

2021 жылғы 5 наурыз 17:25
Бөлісіңіз:
Теміржол қолжетімділігі арта түсуде: Жолаушыларға жаңа вагондар мен қызмет түрлері ұсынылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның ұлттық теміржол тасымалдаушысы – «Жолаушылар тасымалы» – жаңа қызмет түрін іске қосты. Енді белгілі бір пойызға билет болмай қалған жағдайда кассада жолаушыға бірнеше пойызға ауысып отыру арқылы ең оңтайлы бағыт таңдауға көмектеседі. Бұл соңғы кездегі жаңашылдықтың бірі. Бұдан басқа теміржолда не өзгерді?


Сапалы өзгерістер

Теміржол билетінің жетіспеушілігімен қазақстандықтар жиі кездесетін. Жолаушылар үшін, тіпті, күту парағы де жасалған. Сол арқылы пайда болған билеттерді жедел сатып алу мүмкіндігі туатын. Бұдан былай қажетті пойызға орын болмаған жағдайда саяхатшыларға бір-екі пойызға ауысып отыру арқылы межелі орынға жету ұсынылмақ. Әзірше құрама бағытқа билет алу тек касса арқылы мүмкін, алайда болашақта бұл қызмет онлайн түрде де қолжетімді болады.

Сонымен қатар соңғы бір жылдың ішінде «Жолаушылар тасымалы» вогондардағы қызмет көрсету сапасын жақсарта түсті: вагон ішін тазалау арасындағы интервал қысқарды, төсек жабдықтары жаңартылды. Жолаушыларға арналған стандартты вагондарда жаңа санитарлық тораптар мен шұңғылшалар орнатылды.

Бұдан басқа теміржол тасымалдаушысы тозығы 40% жеткен вагондар паркін жаңартып жатыр. 2029 жылға дейін 500 жуық жолаушылар вагоны мен 26 электр станция-вагоны сатып алынбақшы. Қазіргі таңда ҚТЖ паркінде әртүрлі елдерде құрастырылған және әр жылдары шығарылған вагондар бар.

Қазір Қазақстан темір жолдарында қандай вагондар жүр?

Кеңестік үлгідегі вагондар

Бұл әбден ескірген вагондардан тасымалдаушы біртіндеп құтылуда.

Артықшылықтары: орындардың стандартты орналасуы.

Кемшіліктері: көнерген жабдықтар, тозған дәретханалар, жылу шығыны жоғары және кондиционерлер жоқ.

Күрделі жөндеуден өткен вагондар

1990-шы жылдары шығарылған вагондардың бір бөлігі жаңартуға жарамды. Осылайша, күрделі жөндеуден өткен ескі купелік вагондар заманауи дизайн мен біршама жаңа сервиске ие плацкартты вагондарға айналды.

Артықшылықтары: сөрелер, ұйықтайтын орындардың жанындағы 220V розеткалары жаңартылды. Бірқатар вагондардың жолсерік купелері қысқа толқынды пештермен жабдықталған.

Кемшіліктері: тозған дәретханалар. «Жолаушылар тасымалы» компаниясы көрсеткендей, ескі вагондардың ерекшеліктеріне байланысты биодәретхананы кез келген вагонға орналастыру мүмкіндігі бола бермейді.

ҚХР шығарған жолаушылар вагондары

2006 жылы Қытайда шығарылған плацкартты вагондар Қазақстан темір жолдарындағы барлық жылжымалы құрамнан жолаушыларға арналған үшінші сөресімен ерекшеленеді.

Артықшылықтары: кондиционерлермен жабдықталуы.

Кемшіліктері: жолаушыға арналған мінуге қиын үшінші сөре, вагонның тарлығы.

«Тальго» вагондары

«Тальго» испан вагондары «Тұлпар» зауытында құрастырылған. Вагондар әдемі көрінгенімен, жолаушылар тарапынан сынға ұшырады.

Артықшылықтары: кондиционерлер, екінші сөреге көтерілуге арналған саты.

Кемшіліктері: пойыздың салоны тар, жүк қоятын орын көлемінің кішілігі, өте тар дәретхана.

Тверь вагон жасау зауытының вагондары

Соңғы екі жылда осындай 200 вагон жеткізілген. Олар Нұр-Сұлтандағы «Тұлпар» зауытында Ресейден әкелінетін вагон жиынтықтарынан құрастырылады.

Артықшылықтары: кондиционерлер, биодәретханалар, Wi-Fi-роутерлер, USB-розеткалар, сондай-ақ COVID-19 қарсы күрес кезіндегі ерекше маңызға ие су мен ауаны зарарсыздандыратын құрылғылар.

Кемшіліктері: әзірше саны шектеулі бағыттарда ғана пайдаланылады.

Жаңаларын сатып алу және ескілерін қайта жабдықтау

Ұлттық тасымалдаушының күш-жігері арқасында темір жолдағы жағдай бара-бара жақсарып келеді.

«Бұрын еліміздің азаматтары жолаушылар вагондарындағы қызмет көрсету сапасына жиі шағымданатын. Қазір мұндай шағымдар азайды. Бұл ҚТЖ жұмысының нәтижесі деп білемін. Вагондардың бір бөлігі жетілдіріліп жатыр, яғни, мұнда еурожөндеу жүргізілсе, кейбір вагондар жаңартылуда. Осы жұмыс кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді, өйткені, барлығын бірден орындау мүмкін емес», – дейді Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповских. Айта кетсек, ол теміржол саласымен етене таныс жандардың бірі, себебі, депутаттық мандатқа дейін сол салада қызмет атқарған.


Қазіргі уақытта «Тұлпар» зауытында былтыр сатып алынған ресейлік вагондарды құрастыру жұмысы жалғасып келеді. ҚР салалық медиа қауымдастығының президенті, «Магистраль» сараптама-платформасының негізін қалаушы Жанна Исингарина атап өткендей, ұлттық тасымалдаушы паркті жаңарту ісінде осы вагондарға басымдық беріп отыр, өйткені, олар Ресей және ТМД елдерінде ғана емес, басқа да мемлекеттерде пайдалану кезінде өзін жақсы жағынан танытты.

«Трансмашхолдинг вагондары тек бұрынғы КСРО шеңберінде ғана жүріп тұрады деген таптаурын кеңінен таралған. Шын мәнісінде, оларды пайдалану географиясы әлдеқайда кең. Мысалы, осы вагондардан құралған пойыздар жолаушыларды Хельсинки, София, Белград, Варшава, Ницца және басқа да еуропалық қалалардың бағыттарында тасып жатыр. Компания тағы да 13 00 вагонды Мысырға жеткізуге ниетті», – деп көрсетті Жанна Исингарина.

Ал Қазақстанда пайдалану тақырыбына оралсақ, ресейлік вагондар қазақстандық теміржол инфрақұрылымына әбден жарамды, себебі, олар бұрыннан осында сәтті жұмыс істеп келеді. Демек, техникалық мамандар да оларға қызмет көрсетуге дайын. Жаңа ресейлік вагондар көмір жақпай-ақ жылыту мүмкіндігін беріп, тасымалдаудың экологиялылығын едәуір арттырады. Бұл локомотивтен келетін электр қуаты арқылы жылытуға арналған вагондар, соның арқасында қыста салон ішінде жайлы температура болып тұрады. Алайда төтенше жағдайлар үшін көмір қазан локомотивті жылытудың баламасы ретінде қалдырылды.

Бұдан бөлек, Ресей Қазақстан секілді Кеден одағының техникалық регламентінің қолданыс аясына кіретіндіктен, вагон жасаушылар бірыңғай нормативтік ортада жұмыс істейді. Сондықтан ресейлік жеткізуші өнім шығаруда қазақстандық өндірушінің сақтауға міндетті талаптарын қолданады. Сонымен қатар кедендік төлемдердің азайтылуы мен құжаттарды рәсімдеудің анағұрлым қарапайымдылығы арқасында Қазақстан үшін вагондарды Ресейден сатып алу әлдеқайда жеңіл. Кезінде «Тальго» испан вагондарының мысалы көрсеткендей, вагондарды жасаудың еуропалық тәжірибесі Қазақстанға сай келе бермейді. Мұндай әріптестіктің тәуекелдері де жоғары, өйткені, құрамдас өнімдерді Еуропадан сатып алу тиімсіз, тіпті, техниканың өзі де айтарлықтай қымбат.

Саяхатты жайлы ету мақсатында «Жолаушылар тасымалы» пойыздарды жетілдіру және қызмет көрсету деңгейін көтеру бағытындағы жұмысын жалғастырып келеді. Осылайша, вагондардың ішінде тоңазытқыштар мен қысқа толқынды пештер орнатылып жатыр. Компания балалармен саяхаттайтын жолаушылар үшін отбасылық купе енгізуді жоспарлар отыр. Сондай-ақ вагондарда қоқысты сұрыптауды іске қосу көзделген.

Енгізіліп отырған өзгерістер теміржол көлігіне деген сұранысты арттыруға мүмкіндік береді. Ал жағдайды қалт етпей бақылап жүретін «Жолаушылар тасымалы» компаниясының жетекшілігі ұсынып отырған қызметінің сапасын жақсарту мәселелеріне қатысты жолаушылармен онлайн кездесулерді өткізіп отырады.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT