Теміржол қауіпсіздігі ережелерін елемегендерге айыппұл сомасы артуы мүмкін

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Теміржол бойында қауіпсіздік ережелерін елемеген адамдарға қатысты айыппұл сомасы еселеп артуы мүмкін. Бұл туралы «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Магистральдық желі дирекциясы» филиалының қауіпсіздік жөніндегі атқарушы директоры Бақытбек Алдажаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Балалар теміржол бойын ойын алаңына айналдыратын оқиғалар да кездеседі. Олар көбінесе рельске тас немесе басқа да заттарды үйіп кетеді. Осының салдарынан машинистер пойызды шұғыл тоқтатуға мәжбүр болады. Себебі рельс үстіндегі бұл заттар пойыздардың жолдан шығып кетуіне алып келуі мүмкін. Пойыздар шұғыл жағдайда кілт тоқтаған кезде, жолаушылар отырған орындарынан құлап, жарақат алуы да ықтимал», - деді Б. Алдажаров.

Сонымен қатар ол көп жағдайда жаяу жүргіншілер теміржолдан өтуге арналған көпірлер мен арнайы белгіленген жолақтарды пайдаланбай, қауіпті учаскелермен жүретінін айтты. Осының салдарынан қайғылы оқиғалар болып жатады.

«Компания «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің теміржолдың белгіленбеген тұсынан өту, теміржол жолағында мал жаю және өзге де ереже бұзу деректеріне айыппұлдарды ұлғайту бөлігіне өзгерістер енгізуге бастамашы болды. Бұл ұсыныстар Әділет министрлігінің қарауына енгізілген. Осы орайда бұл қадамдар тұрғындардың ереже бұзбауына әсер етеді деп ойлаймыз», - деді Бақытбек Алдажаров.

Оның айтуынша, биыл теміржолда 22 адамға айыппұл салынған.

«Қазір айыппұл 3 АЕК сомасында. Біздің ұсыныс бойынша ереже бұзғаны үшін айыппұлды 30 АЕК-ке дейін көтеру ескерілген. Әділет министрлігінде бұл бастамаға қатысты мәселелер әлі де пысықталып жатыр», - деді атқарушы директор.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2022 жылғы 4 айда пойыздың адамдарды қағып кетудің 25 жағдайы тіркелсе, оның 13-і өліммен аяқталып, 12 адам жарақат алды. 5 жағдайда зардап шеккендер мас күйінде болған.


Соңғы жаңалықтар