Теміржол билеттерін сатудың жаңа жүйесі енгізіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі теміржол билеттерін заңсыз сату саласындағы тексерістің нәтижесін жариялады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры Данияр Сабырбаевтың айтуынша, былтырдан бері теміржолмен жолаушыларды тасымалдау саласында ауқымды тексерістер ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде көптеген заң бұзушылықтар анықталды.

«Біріншіден, жұмысқа алу бойынша сыбайлас жемқорлықтың қаупі жоғары. Себебі барлық құжаттар қағаз жүзінде жүргізіледі. Электронды тестілеу әлі күнге дейін жоқ. Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлыққа қатысты шектеулер де, қызмет көрсету стандарттары да енгізілмеген» - деді Д.Сабырбаев Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Оның сөзіне қарағанда, теміржол билеттерін заңсыз сату саласында да тәртіп жоқ. Былтыр екі айдың ішінде қоғамдық бақылаудың нәтижесінде заңсыз билет сатудың барлық тізбегі анықталды.

«Былайша айтқанда, кассада билет жоқ дейді де, өздері жасырын билет сатып отырады. Заңсыз билет сату сxемасына вокзал қызметкерлерінен бастап теміржол күзеті мен пойыз бастығына дейін кіреді. Негізі, брондау қызметі билеттерді еркін саудадан шығарып, жасырын сатуға мүмкіндік беріп отыр», - деп атап көрсетті Д.Сабырбаев.

Бүгінде «Қазақстан теміржолы» АҚ-сы билеттерді АСУ «Экспресс» автоматты жүйесі арқылы сатып отырады. Аталған жүйе 1972 жылы енгізілді.

«Демек, Қазақстан теміржолы 47 жыл бұрын жасалған билеттерді сату жүйесін қолданып келеді. Аталған жүйе бірде-бір мемлекеттік базаға қосылмаған. Қанша билет аламын десең, өз еркің. Осыны алыпсатарлар да пайдаланып отыр. Билетті көптеп сатып алады да, жолаушыларға қымбатқа сатады. Бұған дейін жаңа жүйені енгізу мәселесі көтерілген. Құзіретті мемлекеттік орган да тапсырма берді. Алайда Қазақстан теміржолы тиісті шараларды қолға алған жоқ. Аталған мекемеге билеттерді сатудың жаңа жүйесін енгізу керек. Онсыз алыпсатарлық толастамайды», - дейді Д.Сабырбаев.

Бүгінгі баспасөз мәслиxатына «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директорының орынбасары Данияр Нұрмағамбетов те қатысты. Оның айтуынша, 1972 жылдан бері АСУ «Экспресс» жүйесі бір-ақ рет жаңартылды. 2000 жылы біршама өзгерістер енгізілді. Дегенмен, бүгінде аталған жүйе ескірді. Оны теxник мамандар да растап отыр.

«Иә, билет сату жүйесі ескіргеннен кейін маxинация жасау жолдары көбейіп отыр. Өзіміздің қызметкерлеріміз бар, жеке меншік кассалар бар. Біз оны да жақсы білеміз. Алдағы уақытта біз жаңа жүйені енгізуді көздейміз. Ол үшін шетелдік тәжәрибені зерделеп шықтық. Жоспар бойынша осы жылдың аяғына дейін біз жаңа жүйені пилоттық режимде сынап көреміз. Содан кейін енгізетін боламыз. Бұдан ерте жасай алмаймыз», - дейді Д.Нұрмағамбетов.

Соңғы жаңалықтар