Теміртаулық актриса Коляда plays халықаралық фестивалінің лауреаты атанды
2022 жылғы 2 шілде 01:15

Теміртаулық актриса Коляда plays халықаралық фестивалінің лауреаты атанды

ТЕМІРТАУ. ҚазАқпарат – Екатеринбургте он бесінші рет «Коляда plays» заманауи Орал драматургиясының халықаралық театр фестивалі өтті. Теміртау балалар мен жасөспірімдер театры іріктеуден өткен жалғыз шетелдік театр болды. Ал жас көрермен театрының актрисасы Людмила Гулуева фестиваль номинанты атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Коляда plays» – беделді халықаралық театр фестивальдерінің бірі. Оны әйгілі драматург Николай Коляда – қазіргі орыс пьесасының негізін қалаушы ұйымдастырады.

Биыл өз шығармашылығымен Оралға 26 театр ұжымы келді. Шоулар мен қарым-қатынас аясында фестиваль қатысушылары қазіргі театрдың не екенін және театрдың қазіргі заманғы адамдары қандай болуы керек екенін анықтауға тырысты.

Теміртау театры фестивальге екінші рет қатысып отыр. Бірінші рет «Жай ғажайып ақымақ» спектаклін орындаған болатын.


«Бұл фестивальге қатысу өте қиын: іріктеу өте күрделі. Үздік театрлар жиналды. Біз Қазақстаннан жалғыз болдық. Фестиваль алаңына дейінгі жол оңай болған жоқ. Біз барлық тіректермен және декорациялармен 27 сағат бойы жүрдік. Жеттік-ау дегенде бізді жаңа қиындықтар күтіп тұрды. Театрда жарық өшіп қалды, сондықтан түнде декорацияны орнатып, костюмдер дайындауға тура келді. Бірақ бұл соңғы тосынсыйлар емес. Қазылар алқасы мен Екатеринбургтік ТЮЗ көрермендерінің назарына теміртаулық театр Ярослава Пулиновичтің пьесасы бойынша «Сол бір күн» спектаклін ұсынды. Театр алаңы біздің сахнадан кішірек екендігі және көрермендердің орналасуы мүлдем басқаша екенін байқадық. Аяқ асты импровизация жасауға, мизансценаларды өзгертуге тура келді. Бірақ театрдың барлық актерлері мен техникалық қызметкерлері жетістікке жетті. Мұны қазылар алқасы бағалады, олар керемет актерлік жұмыстан басқа, спектакль жанрының айқын ұстамдылығын және ерекше режиссерлік олжаларды атап өтті», – дейді балалар мен жасөспірімдер театрының жетекшісі Владимир Дроздецкий.


«Сол бір күн» қойылымының режиссері – театр жетекшісі Владимир Дроздецкий. Оның айтуынша, импровизация спектакльге де пайда әкелді.

Фестиваль қойылымдары 10 күн өтті. Кеше алты номинация бойынша жеңімпаздар анықталды. Олардың бірі теміртаулық театрға берілді. Актриса Людмила Гулуева екінші пландағы үздік әйел рөлі үшін лауреат атанды.

«Бұл мен үшін күтпеген жәйт. Мен фестивальге спектакльді лайықты орындау ниетімен бардым. Ешқандай жеңіс туралы ой да болған жоқ. Ең ерекше кереметтер күтпеген жерден болады деп айтылады. Бұл сондай жағдай болды. Осы ауқымдағы фестивальге алғаш рет қатысып отырмын. Екатеринбургке бару маған өте ұнады, өйткені мен осы қалада оқыдым. Көптеген жылдар өткен соң, туған жерге келу өте әсерлі болды. Өкінішке орай, әріптестеріммен сөйлесуге уақыт аз болды», – дейді Людмила Гулуева.

Алдағы бір-екі айға Теміртау театры демалысқа кетеді. Бірақ жаңа театр маусымына жоспарлар бар. Қыркүйек айында Шымкентке гастрольдік сапармен, ал қазан айында труппа «Баба Шанель» спектаклімен Көкшетауға «ТеART-Көкше» фестиваліне аттанады.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT