Теміртауда жол апатынан екі адам қаза тапты

Фото: None
ТЕМІРТАУ. ҚазАқпарат – Бүгін Теміртау маңында екі жүк көлігі соқтығысты. Оқиға салдарынан екі ер адам қаза тауып, бір бала ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қайғылы оқиға бүгін күндіз Теміртау-Қызылқой тас жолында болды.

Алдын ала мәліметтер бойынша, жүк тасығыш көлік қарсы жолаққа шығып, Газ-53 көлігімен соқтығысқан. Соңғысының жолаушысы мен жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды.

«1 тамыз күні сағат 12:50 шамасында Бұқар Жырау ауданында «Теміртау қ.-Қызылқой к.» автожолында алдын ала деректер бойынша SHACMAN жүк көлігінің 33 жастағы жүргізушісі рульді басқара алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып, 38 жастағы ер адамның басқаруындағы ГАЗ-53 жүк автомобилімен бетпе-бет соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан ГАЗ-53 жүргізушісі мен онымен бірге кабинада болған 21 жастағы ер адам оқиға орнында көз жұмды. Сондай-ақ, аталған көліктің жас жолаушысы түрлі жарақаттармен Теміртаудағы медициналық мекемелердің біріне жатқызылды», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды.


Соңғы жаңалықтар