Теміртауда жас баланы зорлады деп күдікке ілінген адам камерада асылып қалды

Фото: None
ТЕМІРТАУ. ҚазАқпарат – Теміртау қалалық сотының уақытша ұстау камерасында қамауға алынған адам суицид жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төтенше жағдай 57 жастағы күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасын санкциялағаннан кейін болған.

«Тергеуге алынған адам кәмелетке толмаған балаға сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық жасады деген күдікке ілінді. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабының 1-бөлігі «Өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», - деп хабарлады Қарағанды облысының полиция департаменті.

Облыстық соттың баспасөз қызметі күдікті сот ғимаратының арнайы изоляторының камерасына қамалғанын, сол жерде асылып, өзіне қол жұмсады деп мәлімдеді.

Қарағанды облысы ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасы Теміртау қаласы полиция басқармасы қызметкерлерінің қызметтік міндеттеріне немқұрайлы қарау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Соңғы жаңалықтар