Теміртауда шағын футболдан ұйымдастырылған турнирдің соңы төбелеске ұласты

Фото: None
ТЕМІРТАУ. ҚазАқпарат – Теміртауда шағын футболдан турнир соңында команда ойыншылары жаға ұстасып қалды. Тәртіп сақшылары қақтығыстың барлық қатысушыларын анықтады. Кінәлілерге 5000 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағандылық тәртіп сақшылар әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Telegram каналдардың бірінен шағын футболдан жарысқа қатысқан екі команданың ойыншылары арасында жанжал туындағаны туралы бейнеролик анықталды.

Бұл деректі Теміртау қаласының полициясы тіркеді. Сотқа дейінгі тергеу жүргізу кезінде тәртіп сақшылары төбелеске қатысушылардың барлығын анықтады.

«21 наурызда Теміртау қаласының спорт кешендерінің бірінде әуесқой командалар арасында шағын футболдан турнир ұйымдастырылғаны анықталды. Екі команданың ойыны кезінде спортшылардың бірі ережені бұзып, қарсыластар тобының өкілі ойыншыны итеріп жіберді. Мұны көрген соң, жанжалға оның командасының мүшелері қосылып, жанжалдың арты төбелеске ұласты», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 293-бабы 2-бөлігі «Бір топ адам жасаған бұзақылық» бойынша қылмыстық іс тіркелді. Осы бапқа сәйкес бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, немесе бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не болмаса бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, әлде сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Төбелеске қатысушылардың барлығына қатысты сот-медициналық сараптама тағайындау туралы қаулы шығарылды. Тергеу амалдары жүргізілуде.



Соңғы жаңалықтар